Білім

Балаларды кітапқа баулу

Қазіргі балалар кітап бетін парақтағаннан телефонға телміргенді құп көреді. Бұл өскелең ұрпақты Бердібек Соқпақбаев жазған “Көксеректен”, марғасқа Мағжан Жұмабаевтың рухты өлеңдерінен алыстатқандай. Өзекті мәселе Ғабит Мүсірепов атындағы облыстық балалар мен жасөспірімдер кітапханасында өткен облыстық семинарда көтерілді.

ЖАНАТ МҰХАМЕДЖАНОВ, “Сенімен болашақ” республикалық ата-аналар қоғамдық бірлестігі СҚОФ басшысы:

– Семинардың негізгі мақсаты – жеткіншектерді кітап оқуға тәрбиелеу. Жасыратыны жоқ, қазіргі таңда балалар кітапты аз оқиды. Біз жеткіншектерді қызықтыра отырып, осы олқылықтың орнын толтыруымыз керек.

Мәселені шешуге “Балалар кітапханасы” жобасы септеспек. Бұл бастама Президенттің қолдауымен жүзеге асып отыр. Жоба шеңберінде жер-жердегі кітапханалар ұл-қыздардың назарын аударар түрлі жанрдағы еңбектермен толығуда.

ҚАРЛЫҒАШ МАҒЗҰМОВА, Благовещенка ауылдық балалар кітапханасының қызметкері, Жамбыл ауданы:

– Балалармен жұмыс барысында біз кітап оқытумен шектеліп қана қоймай, әр түрлі ойындар арқылы қызығушылықтарын оятамыз. Бізге әр тоқсан сайын кітаптар келіп тұрады. Қазірдің өзінде біздің 7 мыңнан астам қор бар.

Ал Ғабит Мүсірепов атындағы облыстық балалар мен жасөспірімдер кітапханасында 216 мыңнан астам баға жетпес байлық бар. Алдағы уақытта көрсеткіш артады. Тың жоба аясында қорды толықтыру жоспарланып отыр.