Спорт

Ауылдан шыққан жас спортшы грек-рим күресінен ел чемпионы атанды

Жерлесіміз грек-рим күресінен өткен бәсі биік додадан олжалы оралды. Алматы облысында жастар мен жасөспірімдер арасында өткен байрақты бәсекеде 48 келіге дейінгі салмақ дәрежесінде белдескен Сұнқар Зарап ел чемпионы атанды.

СҰҢҚАР ЗАРАП, грек-рим күресінен ел чемпионы:

– Мен бұл спорт түрімен 8 жылдан бері айналысамын. Менің арманым – Азия, әлем және олимпиада чемпионы болу. Менің осы жетістікке жетуге себепші болған жаттықтырушыларыма үлкен алғысымды айтқым келеді.

Жерлесіміз додада Тараз, Астана, Ақтау мен Алматы қалаларының тәжірибелі деген спортшыларын қоғадай жапырған.
Қарсыластарының ішінен финалда күрескен ақтөбелік палуан ғана әжептәуір қарсылық көрсеткен. Чемпионымыз Мағжан Жұмабаев ауданына қарасты Қарағоға ауылында дайындалғанын тілге тие кеткен жөн. Жаттықтырушысы Жақсылық Әленовтің сөзінше, қазіргі таңда бұл елді мекенде 60-қа жуық бала грек-рим күресімен айналысуда. Басты мақсат – Сұңқар сияқты мықты бозкілем шеберлерін шығару.

ЖАҚСЫЛЫҚ ӘЛЕНОВ, Сұңқар Зараптың бапкері:

– Осы оқушымды кішкентай кезінен бері дайындаймын. Оқушым осы жетістігінің арқасында Қазақстан ұлттық құрамасының құрамына ілікті. Алдағы жоспарымыз – Шымкент қаласында өтетін оқу-жаттығу жиынына барып, Испанияда өтетін халықаралық жарыстың жеңімпазы болу.

Жас чемпион сәл тыныққан соң, жаттығуға қайта кірісетінін айтты. Алдағы уақытта жерлесіміз жаһандық бәсекелерде ел намысын қорғайды.