ТЖ

Су тасқыны кезінде нені білу керек?

Сынап бағанасы көтерілген сайын жағдай күрделенейін дейді. Қазір елді мекендерде еріген қар суынан адам аяқ алмақ түгілі көлік те әзер өтеді. Үйге кіруі мүмкін қар суының мәселесі бір төбе. Бұл – Жұмысшы кентіндегі Щорса көшесінің бойы. Бүгін қалалық ТЖД басқармасының қызметкерлері мен кәсіптік-педагогикалық колледжінің студенттері тұрғындарды төтенше жайтқа дайындап, құлақтандыруға шықты.

САЯН АХМЕТЖАНОВ, қалалық ТЖБ бас маманы:

– Су тасқынына қарсы жаднама қағаздарын таратып жүрміз. Әрбір үйге кіріп, иелеріне төтенше жағдайда не істеу керектігін түсіндіреміз. Ең алдымен ауланың алдындағы қарды күреп, тазалау керек.

Тұрғын үйді тікелей су басу қаупі төнген кезде “112” нөміріне хабарласу керек. Жеке бастың құжаты, киім-кешек, азық-түлік қорын жинаған жөн.
Жаднама қағазда осындай және кейбір жандар елеп-ескере қоймайтын бірнеше ереже жазылған. Жалпы, бұл көшенің бойына 90-ға жуық баспана орналасқан. Тұрғындарына 1 айдан бері тәжірибе өтіп жүрген жас жігіттер ауызша ақпарат беріп жүр.

ӘЛІШЕР РАМАЗАН, СҚО кәсіптік-педагогикалық колледжінің 2-курс студенті:

– Қала тұрғындары оқыс оқиға болғанда бірден “112” нөміріне хабарласу керек. Үй ішіндегі пеш немесе электр тоқтарын қарап шыққан жөн. Біздің тәжірибе өтіп жүргенімізге бір айдай болды. Осы уақыттың ішінде көп тұрғынды ақпараттандырдық.

Төтеншеліктер Жұмысшыдан бөлек Солнечный, Береке және Заречный кенттерінде де осындай рейдтік іс-шара өткізіп келеді.

 

Ақжүніс Мұқатай