Биыл елімізде «Кең дала» бағдарламасы аясында шаруаларды 140 млрд теңгеге қаржыландыру қарастырылыпты. Дегенмен, көктемгі егіс және кейін жинау жұмыстарын сапалы жүргізу үшін жеңілдетілген несиелендіруге шамамен 1,5 трлн теңге қажет. Бүгінгі таңда шаруалардан жалпы сомасы 134 млрд теңгеге жеңілдетілген несие алуға 1,4 мыңнан астам өтінім түсті, оның ішінде 37,8 млрд теңгеге 811 өтінім мақұлданды деп атап өтті Ауыл шаруашылығы министрі Айдарбек Сапаров. Сондай-ақ, жергілікті бюджеттерден қосымша 100 млрд теңге бөлінеді.
АЙДАРБЕК САПАРОВ, ҚР Ауыл шаруашылығы министрі:
– Биыл барлығы 23,8 млн гектар алқапқа егін егу жоспарлануда, бұл 2023 жылмен салыстырғанда 209,6 мың гектарға аз. Бұл ретте әлеуметтік маңызы бар және жоғары рентабельді дақылдар көлемін арттыру көзделуде. Атап айтқанда, биыл 3,2 млн гектар алқапқа майлы дақылдар егілмек. Cондай-ақ, күнбағыс сияқты әлеуметтік маңызы бар дақылдар көлемін 60 мың гектарға ұлғайтып, жалпы алқапты 1,2 млн гектарға дейін, қант қызылшасын 12 мың гектардан 25 мың гектарға дейін жеткізу жоспарлануда.
Гүлден Сембаева