Құқық қорғау органдары

Алаяқтар зейнеткердің атына 1 млн теңге несие рәсімдеген

Қала тұрғыны Вадим Зайнутдиновтан маза қашқанына 20 күннен асты. 70-ті желкелеген жерлесіміздің атына бәз біреулер бақандай 1 млн теңге көлемінде несие рәсімдепті. Енді банк қызметкерлері күніне 10-15 рет қоңырау шалып, құрмет демалысындағы қарттың ұнжырғасын түсіреді екен. Бір ойландыратыны, әдетте қаржы ұйымының өкілдері төлем жасау күні өтер-өтпесте дабыл қағады. Ал бұл жолы араға шамамен 2 ай салып іздепті. Зейнеткермен телефон арқылы емес, бетпе-бет тілдескен ер адам берешекті, сонымен қатар, айыппұл өтеуді сұраған.

ВАДИМ ЗАЙНУТДИНОВ, қала тұрғыны:

– Өзін Сабиев деп таныстырған банк өкілінің айтуынша, менің атыма несие желтоқсан айының 18-і күні рәсімделіпті. Ал біздің кездесуіміз наурыздың 4-ші жұлдызында болды. Сол жүздесуден кейін телефонға дамыл жоқ. Жағдайды түсіндіруге тырыстым. Алайда, бұдан нәтиже болмай отыр. Несие төленбесе 3 млн теңгеге дейін өсетіндігі айтылды. Ал айыппұлдың көлемі 130 мыңға жетіпті.

Қаладағы жер үйлердің бірінде бөлме жалдап тұратын зейнеткерде мұндай көлемде ақша жоқ. Аяқ-қолды қалтыратқан қоңыраулар әбден құлазытқаны соншалық, күйзеліске түстім дейді қария.

ВАДИМ ЗАЙНУТДИНОВ, қала тұрғыны:

– Бұған дейін бұл банкпен байланысым болды. Несиеге мына телефонды алған едім. Қарызды жарты жылдың ішінде жаптым. Күндіз-түні ойдан кетпейтін мәселе бойынша қаржы ұйымына да жүгіндім. Ондағылар “ақшаны қажеттілігіңізге жаратқан шығарсыз” деп одан бетер ызаға булықтырып қойды.

Амалы таусылған қала тұрғыны полиция қызметкерлеріне арыз жазады. Шенділер зейнеткермер кездескен, мән-жайды сұраған. Қазір жан-жақты зерттеу жұмысы жүргізіліп жатыр.

САЯГҮЛ МУСИНА, Петропавл қалалық ПБ аға тергеушісі:

– Тергеп-тексеру жұмыстары кезінде зардап шегушінің алаяқтар жіберген сілтеме бойынша “Hop to desk” атты мобильді қосымшаны жүктегені белгілі болды. Бұл қосымша қашықтықтан басқарылады. Міне, айлакерлер осы арқылы арам ойларын жүзеге асырған. Біз банкке мән-жайды анықтау бойынша хат жолдадық. Мәселе қаралып жатыр.

“Таяқтың екі ұшы бар” демекші, несие рәсімделген банкке өзіміз де хабарласып көрдік. Мұндағылар орын алған жайтқа қатысты сұрау хаты бойынша ғана жауап беретіндерін айтты.

БАЙБОЛАТ БЕКТЕМІРҰЛЫ, тілші:

– Өкінішке қарай, қазіргі қоғамда алаяқтардың құрбаны болғандар өте көп. Олардың басым бөлігі өңірлерде Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігіне қарасты аймақтық өкілдер басқармасы бар екенін білмейді. Бұл орган бармақ тістеп, сан соққандардың мәселесімен тікелей айналысады. Яғни, банктердің табылдырығын оңай аттайды. Басқарма өкілдері Петропавлда Ұлттық банктің жергілікті филиалы орналасқан ғимаратта келушілерді қабылдайды. Біз өз кезегімізде шақшадай басы шарадай болған Вадим Зайнутдиновке көмек қолын созатындардың телефон нөмірін бердік.

 

 

Байболат Құлтанов