Мәдениет

Моңғолиядан келген қандастар Наурызда кілем тоқу өнерін паш етті

Қаламызда Ұлыстың ұлы күні – әз Наурыз дүркірете тойланып жатыр. Басты алаңның әр бұрышында “Тәуекел” ұйымының мұрындық болуымен киіз үйлер тігілген. Оң жақ шетте Моңғолиядан келген қандас бауырларымыздың қолөнер бұйымдары жайылған. Әсіресе ұзынан-ұзын төселген, ою-өрнекпен қапталған кілемшелері бірден көзге түседі.

ЖАҢЫЛ ҚҰМАРҒАЖЫ, қолөнерші:

– Мынаны көз майын тауысып анам тіккен. Өз еңбегі, маңдай тері. Соны бүгін көрсетіп, сатылымға әкелдік. Енді анамның орасан еңбегі болғандықтан бағаларын сәл қостық. Таза еңбек қой. Мынаны 30 мың деп тұрмын.

Оң саусағы майысқан қыз-келіншектер киіз үйдің жанына жайғасып алып кілем тоқуға кіріскен. Одан бөлек, киіз үйдің ішінде қыз балаларға арналған етекті көйлектер де бар. Киіз үйге кіріп, оларды қызықтап жүрген жұртшылық та жетерлік.

– Әз Наурыз баршамызға құтты болсын. Этноауыл құрып, басымыз қосылып жатыр. Өзіміз – Қызылжар ауданы Бәйтерек ауылынан келген қонақпыз. Мереке құтты болсын. Еліміз аман, жұртымыз тыныш болсын.
– Наурыз барлығымызға құтты болсын! Наурыздан Наурызға жете берейік. Күннің суығына қарамастан осыншама жұрт жиналып жатыр. Қуанышқа серік болып, біз де жүрміз.

Ал алаңның мына шетінен теріскейлік жұрт төрт түлігімізді көре алады. Арнайы қоршаудың ішіндегі бір топ қой, сиыр-бұзау мен жылқыны тамашалап жүрген халықтың қарасы қалың. Әсіресе, балаларға ерекше қызық екені көрінеді.

– Ұнап жатыр. Жаңа келіп жатырмыз. Жылқы, қой барлығы бар. Немерелеріммен келгем, олар қуанып жүр. Осындай мейрамдар бола берсін. Еліміз көркейе берсін.
– Барша қазақ елін Наурыз мерекесімен құттықтаймын. Дендеріңізге саулық, отбасыларыңызға береке, бақыт, шаңырықтарыңызға шаттық тілеймін. Жүздеріңізден күлкі кетпесін.

Басты алаңның ортасына қарай ойысатын болсақ, киіз үйдің қасына қыз-келіншектің көптеп жиналғанын көруге болады. Бұл жерде әр нәзікжанды зергерлік бұйым құрастырып, өзімен бірге алып кете алады. Қызылды-жасылды маржандарды таңдап, қалауынша қазақи нақыштағы бұйымдар жасауға болады.

ЖҰЛДЫЗ ТОҚТАРҒАЗЫ, қоғамдық даму және ақпарат орталығының маманы:

– Біздің ұжым мерекеге орай қазақтың әдемі бұйымдары шашбау, шекелік, сырғаның жасалу шеберлігін өткізіп жатыр. Кез келген жастағы әйел адамы өз қолымен бұйым жасай алатынына көз жеткізе алады. Себебі, қазақтың кез келген бұйымы ұсақ моториканың жұмыс істеуіне ықпал етеді. Ою болсын, текемет басу, кілем тоқу болсын бәрінің арасынан әшекей ерекше көзге түседі. Бүгін соны тағы насихаттау үшін осындай шеберлік сағат ұйымдастырып отырмыз.

Шеберлік сағатына қостанайлық қонақ та қатысып, сыйлыққа кенеліп қайтты.

ОРЫНГҮЛ ЗАРИПОВА, Қостанай қаласының тұрғыны:

– Мен Қызылжар өңіріне Қостанай қаласынан келіп отырмын. Сіңлім осында тұрады. Орталыққа мерекені тойлауға шығып, осындай шеберлік сағатына тап болдым. Өз қолыммен сырға құрастырдым. Ұнады. Өте керемет.

Думанды шараға жиналған халықтың қарасы қалың. Оларға арналып спорттық ойындар да ұйымдастырылуда.

 

Ақжүніс Мұқатай