Мәдениет

Мамлют ауданында Наурызды тойлауға өңірге қоныс аударған ағайын белсенді ат салысты

ГҮЛДЕН СЕМБАЕВА, тілші:

– Ұлыстың ұлы күні Мамлютка қаласында да тойланып жатыр. Мұнда тұрғындардың көңіл күйлері көтеріңкі. Олар ән айтып, би билеп, ұлттық ойындар ойнап жатыр.

Мерекенің шымылдығын ертегі кейіпкерлері ашты. Сюжет бойынша Наурыздың келе жатқанын саққұлақ үлкен құлақтарымен естіп қалады. Кейін барлық ғажайып кейіпкерлеріне хабарлайды. Бірақ, олар Наурыз мерекесін тойлауға шақырылмай қалып, дау шығарады. Сол жерде, ұйымдастырушыларды сұрақтардың астына алады. Жауаптарын алғаннан кейін тынышталып, өнерлерін көрсете бастайды. Сәлден соң ортаға Қыдыр ата шығып, аудан тұрғындарын Ұлыстың ұлы күнімен құттықтап, батасын берді.

Бүгінгі мереке жылдағыдан ерекше аталып өтілуде. Оның басты өзгешелігі – ертегі кейіпкерлерінде.

ЕРҒАЛИ ЗИЯБЕК, әртіс:

– Жыл сайын театрлық қойылымдар қойылады. Спорттан қой көтеру, арқан тартыс және киіз үйлерде қазақтың дәстүрлері көрсетілетін балады. Бүгінгі ерекшелік – ертегі кейіпкерлері болып тұр. Былтыр ертегі кейіпкерлері болған жоқ. Тек қана Наурыз ханым мен Қыдыр ата болды.

Алаң адамға лық толы. Тұрғындарға арналып дәмі тіл үйірер тағамдар да ұсынылып отыр. Мына татар ұлтының бәліші алыстан көзге түседі. Оның ұзындығы 3 метрге жуықтайды. Тәтті тағамды аудан білімінің бөлімі бір күнде әзірлепті. Көздің жауын алады. Ал мына палауды Мақпал Тоқтанаева әзірлепті. Нәзікжандының отбасымен Тараздан теріскейге қоныс аударғанына 5 жыл болған. Бүгінде жеке кәсібі бар.

МАҚПАЛ ТОҚТАНАЕВА, Мамлютка қаласының тұрғыны:

– Тапсырысқа палау жасайтынмын. Көп кісілерден өтініш түсті. Осындай палау бізде жоқ, сіз жасап сатсаңыз, біз алып отыратын едік деп. Сол кісілердің ұсынысы бойынша дәмхана тауып, оны жалға алдық. Өткен жылы жұмысымызды бастадық. Мен өзім таудың қызымын, суықтан қорықпаймын. Ұнады, үйрендік. Биыл күн жылы, былтыр боран болып, онша тойлай алмағанбыз. Ал салыстырмалы түрде айтатын болсақ, Солтүстік пен Шымкент жер мен көктей. Өзіндік ерекшеліктері бар.

Бергі жақта мерекелік бағдарлама ұйымдастырылып жатса, арғы жақта спорттық ойындар өтіп жатыр. Тепсе темір үзер жігіттер қол күресіп, гір көтеріп, дойбы ойнауда. Мерекеде балалар да шет қалмады. Олар ағаштың үстіне отырып, жастықпен бір-бірін ұрып құлатуға тырысып жатыр. Жалпы, кеш тұрғындардың көңілінен шықты.

– Сіздерді келіп жеткен Наурыз мерекесімен құттықтаймын! Ұлыстың ұлы күні құтты болсын! Ақ мол болсын!
– Наурыз бәрімізге жақысылық әкелсін. Биыл егін көп болсын. Басымыз аман, еліміз тыныш болсын.

 

Гүлден Сембаева