Мәдениет

Жұртшылықтың жоғары бағасын иеленген есілдік шебер

Ниеттенген адамның қолынан келмейтін дүние жоқ. Есіл ауданының орталығы Явленка ауылында тұратын қолөнерші Николай Смирнов осындай қағида ұстанады. Шебер жасыл желектен таңдай қақтырарлық заттарды өмірге әкеледі. Ең жиі жасайтың туындысы – астау. Ас салынатын бұйым түрлі көлемде әзірленеді. Азамат қолданатын ағашты алыстан іздемейді.

НИКОЛАЙ СМИРНОВ, қолөнерші, Есіл ауданы:

– Астауды жуан келген талдан жасаймын. Тал дегенде көз алдымызға жіңішке өсімдік келеді. Бірақ, Есіл өзенінің бойында оның жуандары да өседі. Міне, соны кәдеге жаратамын. Ең жақсы материал дегім келеді. Жұмсақ, оңай кесіледі, ойған кезде де күш салмайсың, жеңіл. Сонысына қарамай өте мықты. Көп адам дәл талдан жасалған ағаш табаққа тапсырыс береді.

Николай Смирнов қолөнершілікке мектеп қабырғасынан жақын. Ол еңбек сабағын жақсы көріпті. Орындық, сызғыш, оқтау дегендерді жасауға аса құмар болған екен. Еңбексүйгіштік қасиет пен ағаш деген икемділік азаматты көпшілік танитын шеберге айналдырды. Азаматтың айтуынша, Наурыз қарсаңында тапсырыс артады. Жұртшылық астаудан бөлек, дөңгелек үстелдерге тапсырыс береді.

НИКОЛАЙ СМИРНОВ, қолөнерші, Есіл ауданы:

– Түрлі тапсырыс қабылдаймын. Жаңа ғана бір кісі итке үйшік жасап беруімді өтінді. Әлі моншаның есігін де әзірлеуім керек. Менің өндіріс орныма келіп, кәдесыйлар сатып алатын да жандар бар. Мысалы, мынандай гүл салатын ыдыстар жақсы өтеді. Өзімде біреуі ғана қалыпты. Қиялда шек жоқ. Уақыт пен материал болса сүйікті жұмыстан жалықпаймын.

Жасалған бұйымның бағасы қалта қақпайды, ал сапасы жоғары. Қолөнерші Николай Смирнов шәкірт тәрбиелегісі келеді. Бала күннен жинаған тәжірибені кейінгі буынмен бөлісу – он саусағынан бал тамған азаматтың ендігі мақсаты. Өкінішке қарай, қолда тұрған алтынның қадірін ұғынып, білсем, үйренсем деген жастар жоқтың қасы.

 

Байболат Құлтанов