МәдениетҚұқық қорғау органдары

Қайырымдылық шарасы

Өңірдің тәртіп сақшылары қайырымдылық шарасы дегенде іске білек сыбана кіріседі. Берекелі Наурыз мерекесіне орай полиция қызметкерлері дәстүрге сай балалар мен қарттарға қуаныш сыйлап қайтты. Облыстық полиция департаментіндегі мәдени орталықтың вокалдық тобы аудандарда концерт өткізді. Мәселен, Смирновода
әлеуметтік қызмет көрсету орталығының зейнеткерлеріне өз өнерлерін паш етіп, ведомство бастығының орынбасары Сәуле Андағұлова қарттарды көктемгі мерекемен құттықтады.

СӘУЛЕ АНДАҒҰЛОВА – СҚО ПД бастығының орынбасары:

– Қарты бар ел – қазынасы бар ел. Сіздердің барлығыңыз кезінде елдің көркейіп, қоғамның дамуына өз үлестеріңізді қостыңыздар. Осы ретте сіздерге зор алғысымды білдіремін. Аман болыңыздар, денсаулықтарыңыз мықты болсын, Наурыз құтты болсын!

Сәуле Андағұлова орталық ұжымына “Қазақ салт-дәстүрлері” кітабын сыйға тартты. Бұдан кейін тәртіп сақшылары Полудино ауылындағы қиын өмірлік жағдайға тап болған балаларды қолдау орталығына барды.

СӘУЛЕ АНДАҒҰЛОВА – СҚО ПД бастығының орынбасары:

– Балалар, сендерді де келіп жеткен шуақты мереке – Наурызбен шын жүрегімнен құттықтаймын. Алдарыңа мақсат қойып, соған жетуге ұмтылыңдар. Өмірде бәрін еңсеруге болады. Ең бастысы, бір-біріңе сыйластықпен қараңдар.

Шараға жол полициясының ардагерлері де қатысты. Сала өкілдері орталық тәрбиеленушілеріне 20 жылдан астам уақыт бойы қолдау көрсетіп келеді.

Балалар өнерпаздардың концертінен кейін өздері де өнер көрсетіп, шығармашылық қабілеттерін паш етті.