Балалар

Білім ұясындағы берекелі мереке

Наурыз мерекесін тойлауға өңірдегі білім ұяларының ұжымдары белсенді ат салысып жатыр. Олардың арасында Смағұл Сәдуақасұлы атындағы 2-ші орта мектебі де бар. Мұнда ауқымды мерекелік іс-шара ұйымдастырылды. Ұлттық құндылықтар мен салт-дәстүрді дәріптейтін думанды іс-шараға ұстаздар, ата-аналар, оқушылар қатысты. Киіз үйлер тігіліп, көл-көсір дастархан жайылды.

НӘЗИРА АКСАНОВА, С.Сәдуақасұлы атындағы №2 орта мектебінің мұғалімі:

– Бүгін мектебімізде үлкен іс-шара ұйымдастырылуда. Біз бұл шараға әр түрлі ұлт өкілдерін шақырдық. Қонақтарымызға арнап жақсы бір концерттік бағдарлама дайындадық. Осының барлығы келген дүйім жұрттың көңілінен шығады деген ойдамын.

Әрі қарай шара концерттік бағдарламамен жалғасты. Оқушылардан бастап ата-аналарға дейін өз өнерлерін көрсетті. Күмбірлеген күй мен әсем ән, көктемнің келгенін бейнелейтін сахналық көріністер мерекенің сәнін келтірді. Әр халықтың салт-дәстүрі, ұлттық киім-кешегі, аспаптары және тағамдары көпшілікке ұсынылды. Халықтың мерекеге деген ықылас-пейілі ерекше. Ұлттық нақышта киінген қариялар Наурыз көжеден дәм татып, оқушылар да аға буыннан қалыспай құрбы-құрдастарын мерекемен құттықтап жатты.

ІНЖУ ӘБДІЛМАН, оқушы:

– Бүгін біздің мектепте Наурыз мерекесі тойланып жатыр. Мен осы концертте өлең айтамын. Бәріңізді Наурыз мейрамымен құттықтаймын және де мерекені жыл сайын асыға күтемін.

Мерекелік шараға ата-аналар қауымы да белсенді қатысты.

АЙЖАН АҢБАЕВА, мектеп оқушысының анасы:

– Бүгінгі күн мектеп әкімшілігінің көмегімен өтуде. Бізде бұл сияқты іс-шара көптен бері болған жоқ, барлығымызға ұнауда. Балаларымыз да, өзіміз де ат салысып жатырмыз. Концертке менің қызым да қатысып жатыр. Ол ұлттық киім киіп, ән айтады. Мектеп әкімшілігіне және де ата-аналарға үлкен рахметімді айтқым келеді. Бәріңізді Ұлыстың ұлы күнімен шын жүректен құттықтаймын.

Әрі қарай салтанат қазақтың ұлттық ойындарымен жалғасын тапты.