ТЖ

Су тасқыны кезінде ауданға шығатын топтың жабдықтары тексерілді

Қазгидромет өкілдерінің болжауынша сенбіден бастап күн күрт жылымақ. Сәйкесінше, ақ ұлпа еріп, су тасқыны қаупі күшейеді. Сондықтан, төтеншеліктер қауіпті кезеңге білек сыбана кірісіп жатыр. Мына сап түзеген құтқарушылар өзара іс-қимылдарын зерделеп, құрал-жабдықтарын түгендеп, өңірдің 9 ауданға жөнелтілмек. Олардың дайындығымен облыстық ТЖД бастығы Ерік Сарыбаев танысуда.

9 бағыт бойынша 200-ге жуық адам жұмыс істесе ,42 техника, 7 жүзу құралы мен 72 су сору құралы жұмылдырылған. Ұлттық ұланның да жеке құрамы бір кісідей жұмыс істемек.

ЕРІК САРЫБАЕВ, СҚО ТЖД бастығы:

– Жөнелтілетін топтың дайындығы сақадай сай деп айтуға болады. Одан бөлек, әрбір аудандарда бөлімдер мен өрт сөндіру посттары бар. Ондағы жеке құрамның дайындығын облыс әкімімен тексеріп шықтық. Олар да дайын.

Облыстық ТЖД-ның жедел-құтқару жасағының бас құтқарушысы Еділ Зикрин М.Жұмабаев ауданындағы жайтты жіті назарда ұстамақ. Онда қызыл су өзен-көлдің тасуынан емес, еріген қар суынан күшеюі мүмкін.

ЕДІЛ ЗИКРИН, СҚО ТЖД жедел-құтқару жасағының бас құтқарушысы:

– М.Жұмабаев ауданы да қауіп төніп тұрған елді мекеннің бірі. Булаев қаласы, Қоскөл, Алуа мен Возвышенко деген ауыл жатады. Негізі, М.Жұмабаев, Мамлют пен Жамбыл ауданы қауіп бойынша соңғы кезекте тұрады. Көп шыға қоймаймыз.

Жалпы, өңірде су тасқыны бойынша ахуал тұрақты. Жыл сайынғы жұмысқа облыс әкімдігінен өткен жылмен салыстырғанда екі есеге көп қаражат бөлінген.

 

Ақжүніс Мұқатай