ТЖ

Су тасқынының алдын алу

Бір жеңнен қол, бір жағадан бас шығарар сәт туды. Қызылжар ауданына қарасты Тепличное ауылының іргесіне еріктілер мен құтқарушылар жиылды. Бүгін бұл жандар аса маңызды жұмыспен айналыспақ.

Жаднама қағазда су тасқыны кезіндегі қауіпсіздік ережелері жазылған. Әр парақ қызыл су кіруі мүмкін Тепличное ауылындағы әр үйге таратылды. Маңызды іспен Солтүстік Қазақстан кәсіптік-педагогикалық колледжі Петропавл қалалық жастар ресурстық орталығының 30-ға жуық еріктісі айналысуда.

ДАМИР АБДИН, Петропавл қалалық жастар ресурстық орталығының жетекшісі:

– Біздің басты мақсатымыз – төтеншеліктермен бірігіп, су тасқыны туралы тұрғындарға ескерту. Бастамаға бірден қолдау таныттық. Өйткені, алда өте жауапты кезең тұр. Мұндай сәтте бірде-бір жан қалыс қалмай, қолдан келгенше көмектесу керек.

Бүгінге дейін дәл осындай шара Қызылжар ауданындағы ауылдардың басым бөлігінде өтіпті. Ауданның бас құтқарушысы жағдайды баяндай келе, тұрғындарды бірлесе әрекет етуге шақырды.

ӘЗІМХАН МЕРҒАСИМОВ, Қызылжар аудандық ТЖБ бастығы:

– Алдағы кезеңде ауданымыздағы 15 елді мекенді су басуы мүмкін. Біз бұған жол бермеу үшін көптеген жұмыстар атқарудамыз. Айтпағым, тасқынға дайындыққа тұрғындар да немқұрайлы қарамаса екен. Қазір әр адам үйінің алдындағы қарды шығаруға міндетті. Осының өзі бізге үлкен көмек болар еді.

Төтенше жағдайлар қызметкерлері мен еріктілер бұнымен тоқтап қалмайды. Олар алдағы уақытта өрт қаупі жоғары кезеңге байланысты бірлескен ақпараттандыру шарасын өткізбек.