Ауыл шаруашылығы

Құс тұмауына қарсы вакциналау жұмыстары жүріп жатыр

Өңірде құстарды тұмауға қарсы вакциналау жұмыстары жүріп жатыр. Ветеринар мамандардың айтуынша, Қызылжар ауданында 2 жарым мыңға жуық қанатты болса, соның 40 пайызына екпе егілген.

ЕРБОЛ БАГЕНОВ, Қызылжар ауданы ветеринарлық станциясының директоры:

– Біздің аудан бойынша 2400 құсқа аса қауіпті ауруға қарсы екпе қойылу басталды. Бүгінгі күнге дейін 40 пайызы егілді. Аудандағы 3 үлкен фабрика және тұрғындардың құстарына да салынып жатыр.

Мал дәрігерлері құсқа ғана емес, төрт түлікке де екпе егіп жатыр.
Бұл – кезекті көктемгі науқан. Мамандар қазір Кривозеркада жүр. «Вишневский» серіктестігінің ірі қарасын тексеру қажет. Әуелі қан алынады, кейін туберкулезге қарсы вакцина беріледі. Алынған қанның нәтижесі 3 күннен кейін белгілі болады. Сараптама қорытындысы ойдағыдай шықса, сібір жарасына қарсы екпе қойылады.

АЛЕКСЕЙ ВИШНЕВСКИЙ, «Вишневский» ЖШС басшысы, Қызылжар ауданы:

– Серіктестікте 50 мал бар. Оның басым бөлігі – сиырлар. Ветеринарлар малдың жағдайын үнемі бақылауда ұстайды. Күз мен көктемде вакцина салдыртып отырамыз.

Қорасында малы бар адам оның денсаулығының дұрыс болуына жауапкершілікпен қарауы қажет дейді мамандар. Әйтпеген жағдайда дерт науқас малдан адамға жұғуы мүмкін.

ӘЛІБЕК ҚАНАФИН, Петерфельд ауылдық округінің мал дәрігері, Қызылжар ауданы:

– Петерфельд округіне кіретін 4-ші ауылда жұмыс істеп жүрміз. 150 бас қара малдан 300-ден астам қойдан қан алдық. Осылайша көктемгі жұмыстарымызды бастадық.

Малдан белгілі бір кесел түрі анықталған жағдайда санитарлық союға жіберіледі. Вакцинация басталғалы ауданда бойынан бруцеллез анықталған 5 ірі қара сойылған. Тұрған орындары тазаланып, дезинфекция жүргізіліп жатыр. Жоспар бойынша ауданда 20 мың сиыр, 13 мың қойға екпе қою қажет. Жұмыстың тең жартысы орындалған.

 

Гүлден Сембаева