Мәдениет

Сәндік-қолданбалы бұйымдар көрмесі

Облыс орталығында алғаш рет оқушылардың қолөнер бұйымдарының көрмесі ұйымдастырылды. Көпшіліктің назарына балалар өз қолдарымен жасаған 40-қа жуық туынды ұсынды. Қол еңбегінен пайда болған дүниелер көздің жауын алады. Он саусағынан бал тамған жасөспірімдердің бірі – Анеля Серікбай. Жамбыл ауданынан келіп отырған бұрымды қыз құрақ көрпе пен жастық тіккен. Бұл өнерге әжесі баулыған.

АНЕЛЯ СЕРІКБАЙ, Қожаберген жырау атындағы орта мектебінің оқушысы, Жамбыл ауданы:

– Бұл бізде құрақтың бір түрі болады. Атауы – ши құрақ. Оған бірінші біз хб матасын алып, сол арқылы тігетін боламыз. Мына жерге мен кішкентей төрт бұрыштылар істедім. Соның арасынан бірінші бастадым.

Мұнда көздің жауын алатын әшекейлер де бар. Мөлдір Ертерек әшекей жасауда алдына жан салмайды. Бұл іске ден қойғанына бір жыл болыпты. Анасы екеуі осындай бұйымдар жасап, саудаға шығарады екен.

МӨЛДІР ЕРТЕРЕК, Ә.Бөкейхан атындағы №25 орта мектебінің оқушысы, Петропавл қаласы:

– Маған бұйымдарды жасаған ұнайды, әсіресе, бір қиналып жүрген сәттер болған кезде сол мұңымды басуға көмектеседі. Дизайндарды мен өзім ойдан шығарамын.

Көрме облыстық деңгейде өтуде. Жас таланттардың жұмыстары бір-бірінен асады. Біреуі ағаштан ойып ыдыс-аяқ жасаса, бірі киізбен сурет салған. М.Жұмабаев атындағы жоғары колледжінің ұстазы Ерғали Саткенов – шараны ұйымдастырушылардың бірі. Шебердің айтуынша, кейбір ұлттық өнер түрлері ұмытылып бара жатыр.

ЕРҒАЛИ САТКЕНОВ, шараны ұйымдастырушы:

– Соңғы 50 жылдың ішінде біздің мыңдаған жылдар бойы келе жатқан өнеріміз жойылып бара жатыр. Көрме сол бұйымдардардан айырылып қалмас үшін ұйымдастырылп отыр. Мына істеп отырған бұйымдар тек бір күндік болмай, барлығы кейін қолданыста болуы қажет.

Оқушылардың арасында өнерлі жастардың бары қуантады дейді Ерғали Саткенов. Бүгінгі фестиваль дәстүрге айналмақ.

 

Мәдина Қаби