Мәдениет

Масленица мерекесі аталып өтілді

Мерекеден мерекеге. Кеше қала орталығында славян халықтарының Масленица мейрамы ауқымды түрде аталып өтілді. Сән-салтанаты жарасқан мейрамға халық көптеп жиналды. Әдеттегідей жәрмеңке ұйымдастырылып, балаларға арналып ойындар ұйымдастырылды.

МҰХАМЕДӘЛІ ИСПАНОВ, қалалық мәдениет үйінің көркемдік жетекшісі:

– Бүгін – ерекше күн. 14-інен бері түрлі мейрамды тойлап келе жатырмыз ғой. Бүгін – Шаңырақ күні және Масленица. Қыстан көктем мезгіліне ауысу ғой. Бүгін қалалық Мәдениет үйінің ұйымдастыруымен концерттік ойын-сайық ұйымдастырып, қала тұрғындарына тарту етіп жатырмыз.

Алаңда славян халықтарының әндері мен билері шырқалып, барлығы ортада қол ұстаса дөңгелене билеп жүр.

Негізі, Масленица мерекесі қазақтың Наурыз мейрамына ұқсас дейді жұртшылық. Қос мейрамның да мәні – қысты шығарып салып, жылы көктемді қарсы алуда. Ерекшеліктерінің бірі – жұртшылық бір апта бойы құймақ пісіріп, бір-біріне қонаққа барысады. Сосын мерекенің соңғы күні осындай концерттік іс-шарамен аяқталады екен.

– Барлығын Масленица мерекесімен құттықтаймын. Барлығына зор денсаулық, ашық аспан тілеймін.
– Көктемнің келуімен, мерекемен барша халықты құттықтаймын. Осындай концерттер көп болсын дегім келеді.
– Керемет мейрам. Көктем. Күн жадырайды, құстар сайрайды. Барлығын мерекемен құттықтаймын. Сұлулық, мейірім, махаббат тілеймін.

Жиналған жұртшылық көпке дейін тарқасқан жоқ. Масленица мерекесі әрі қарай “Өнегелі отбасы” қалалық байқауына ұласты. Қос көпбалалы жанұя 4 кезең бойынша күш сынасады. Қазір әр отбасыдан бір-бір адамнан шығып, ортаға қойылған құймақтарды жеп жарысуда. Әр тәрелкеде – 10 құймақтан. Кім бірінші тауысады, сол жеңімпаз атанбақ.

Қос қатысушы отбасының бірі – Бекмахановтар жанұясы. Шаңырақ көтергендеріне 10 жылдан асқан ерлі-зайыпты 3 бала тәрбиелеп отыр.

ИНДИРА БЕКМАХАНОВА, “Өнегелі отбасы” байқауына қатысушы:

– Мен М.Жұмабаев атындағы IT-лицейінде ағылшын тілі пәнінен мұғалім болып қызмет атқарамын. Сайыс туралы мектеп ұжымынан естіп, қатысып жатырмын. “Өнегелі отбасы” байқауы отбасылық құндылықты арттырып, бірлікті нығайтып, жылулықты арттыруға пайдасы зор. Өте жақсы өтті. Әділ қазылар жоғары бағалайды деп ойлаймын.

Ниет ақталды. Жеңіске ұйымшылдығымен көзге түскен Бекмахановтар отбасы жетті. Оларға марапат қағазы мен бағалы сыйлықтар табыс етлді.

 

Ақжүніс Мұқатай