Аптадағы маңызды жаңалықтарМәдениет

Қызылжарда аламан айтыс өтті

БАЙБОЛАТ БЕКТЕМІРҰЛЫ, тілші:

– Араға тура 1 жыл салып, айтыс дейтін аламан қасиетті Қызылжарға қайта оралды. Республикалық деңгейдегі жыр бәйгесін солтүстікқазақстандық ағайын асыға күтеді. Күтетіндігін мына бір дерекпен-ақ айғақтауға болады. Қазақ театрының төменгі бөлігінде 500-ге тарта орын бар. Осы орындарға билеттерді дүйім жұрт небәрі 3 күннің ішінде сатып алыпты.

– Айтысты сағынамыз. Айтыс бола берсін!
– Айтыс жақсы өтсін дейміз. Өзімізден Жұпархан айтысқалы жатыр. Сәттілік тілеймін!

Ұлы күні ұлыстың, басы болсын ырыстың! Республикалық ақындар айтысына осындай тақырып берілді. Аламанның тізгіні ҚР еңбек сіңірген қайраткері Аманжол Әлтаевқа сеніп тапсырылған. Елге танымал азамат аузынан алтын төгілетін шалқар шабытын иелерін көпшілікке таныстырды. Жыр бәйгесіне 14 ақын қосылып отыр. 3-еуі теріскейдің туын ұстап шықты.

АМАНЖОЛ ӘЛТАЕВ, айтыс жүргізушісі:

– Атырауда өткен құрылтайда Мемлекет басшысы Наурызды атап өтудің жаңа тұжырымын ұсынды. Осы ақындардың тіліне тиек болса екен дейміз. Наурыз мерекесінің қадір-қасиетін айта отырып, көп дүниені халыққа жеткізуге болады деп ойлаймын.

Сәні мен салтанаты жарасқан қазақ театрына халық жиылды, ақындар сауырға қамшы басуға дайын тұр. Жыр додасы алдында дүйім дұртты айтулы оқиғамен, мейраммен аймақ басшысы Ғауез Нұрмұхамбетов құттықтады.

ҒАУЕЗ НҰРМҰХАМБЕТОВ, Солтүстік Қазақстан облысының әкімі:

– Қасиетті Рамазан айымен, Наурыз мерекесімен шын жүректен құттықтаймын. Ораза қабыл болсын! Еліміз осылай гүлдене берсін! Әр отбасыға амандық тілеймін!

Қызылжардағы айтулы шараға айтыстың тамырына қан жүгірткен Жүрсін Ерман арнайы келіпті. Ардақты азамат ақындарға бата берді. Өз кезегінде облыс әкімі денсаулығы сыр берсе де шақыруды жерде қалдырмаған ақсақалға шапан жапты.

Көп ұзамай ақындардың басы сахнадағы орындарына жайғасты. Бір сағат бұрын тартылған соқыр жеребе солтүстікқазақстандық Жұмабек Рахимов пен оралдық Бауыржан Ширмединұлын жұптапты. Алдымен үкілі домбыраны жерлесіміз қақты.

Ұлыстың ұлы күн, тарихи тұлғалар, астарлы ой, ел аузындағы мәселелер және қағытпа қалжың. Қос ақын өздеріне берілген уақытта бірталай жерге шапты. Сонау Ақжайықтан арнайы келген БАҚ өкілі Бауыржан Ширмединұлы тіл жайына да тоқталды.

Қос ақынды көрермен ұйып тыңдады. Қазылар алқасы бағалау кезінде ұлттық өнерді ұлықтаған ұлдарға бірдей ұпай берді.

ЖҰМАБЕК РАХИМОВ, айтыскер ақын, СҚО:

– Бірінші болып шығу қиын болды. Бірақ, айтыс өзімнің көңілімнен шықты. Халық та риза сияқты.

Ұлыстың ұлы күніне арналған жыр додасында айтыстың 2 бірдей аққуы өнер көрсетті. Соның бірі – алматылық ару Айым Асылбекқызы. 19 жастағы бойжеткен Жетісу ақындарының алтын діңгегі атақты Сүйінбай Аронұлының ауылында дүниеге келіпті.

АЙЫМ АСЫЛБЕКҚЫЗЫ, айтыскер ақын, Алматы:

– Бұл айтысқа 1 ай дайындалдым. Өңірді зерттедім. Азулы ақындар жиылды. Біздің тәжірибеміз аздау. Осындай додаларда ысыламыз.

Айтыс бірнеше сағатқа созылды. Аламанның жеңімпазы – қызылордалық Мейірбек Сұлтанхан. Сыр елінің сырбаз жігіті 2 млн теңгені қанжығалады.

 

Байболат Құлтанов