Білім

Академик Зарқын Тайшыбайдың атындағы дәрісхана ашылды

Бүгін – М.Қозыбаев атындағы СҚУ университетінде айтулы күн. Академик, профессор, журналист, филология ғылымдарының кандидаты, жазушы, ғалым. Осының барлығын бір бойына сіңірген Зарқын Сыздықұлы Тайшыбайдың атындағы дәрісхана ашылып отыр.

ЗӘУРЕ ҚАРТОВА, М.Қозыбаев атындағы СҚУ деканы:

– Бұл кісі көп жылдар бойы университетіміздің журналистика факультетінде жұмыс істеді. Көптеген түлектерді ұясынан ұшырды. Әріптесіміз Зарқын Сыздықұлы филология ғылымдарына ғана емес, өлкетануға да зор үлесін қосты. Дәрісханада ғалымның шығармашылығымен таныса аласыздар.

Көптен күткен дәрісхананың ашылу сәті де келіп жетті. Қызыл таспаны қию құрметі университет ректорының міндетін атқарушы Рената Апергенова мен қоғам қайраткері Жарасбай Сүлейменовке берілді. Салтанатты рәсімнен кейін барлығы ішке енді. Жаңа бөлмемен танысты. Дәрісхананың қабырғасына Зарқын Тайшыбайдың шығармашылық белестері, ғылыми еңбектері мен жұмыстарынан қысқаша үзінділер ілінген.

ЕРБАҚЫТ АМАНТАЙҰЛЫ, “Қызылжар-Ақпарат” ЖШС директоры, З.Тайшыбайдың шәкірті:

– Осы уақытқа дейін ұстазымыз 100-ден астам шәкірт тәрбиелеп шығарды. Бүгінде сол шәкірттерінің алды халықаралық БАҚ-та жұмыс істеп жүр. Кейбірі халық қалаулысы болып, депутат болып жүр. Мұның бәрі Зарқын ағамыздың еңбегінің ақталғаны деп ойлаймын.

Профессор 10 жылдан астам уақыт бұрын жергілікті білім ордасында “Журналистика” мамандығын ашып, жаңашылдық енгізген еді. Талай мықты журналист дайындады. Ербақыт Амантайұлы да қаламы қарымды көп шәкірттерінің бірі.

ЕРБАҚЫТ АМАНТАЙҰЛЫ, “Қызылжар-Ақпарат” ЖШС директоры, З.Тайшыбайдың шәкірті:

– Зарқын Тайшыбай бізді неге үйретті? Өзім 2003 жылы оқуға түсіп, 2007 жылы аяқтадым. Басынан бастап алатын болсақ, университеттің үшінші толқын түлегімін. Ол кісі ең алдымен бізді батылдыққа үйретті. Журналистің қандай болу керектігін нақтылап, мақсатын түсіндірді.

Зарқын Сыздықұлының қуанышымен бөлісіп келген зиялылар мен университет қызметкерлері біртуар тұлғаға ізгі тілектерін білдіріп жатты. Саналы ғұмырын білім мен ғылымға арнаған академиктің еңбек жолына бір шолу жасады.

 

Ақжүніс Мұқатай