Қоғам

СҚО-да Наурыз қалай тойланады?

«Той десе қу бас домалайды» дегендей, қазір күллі Қазақстан 22-ші наурыз – жылдың басталуына дайындалып жатыр. Қалыптасқан дәстүрге сай сан ғасырлық тарихы бар мейрам 10 күн тойланады. Мейрамның 2 күні – Амал мерекесі мен Қайырымдылық күні өтіп те үлгерді. Түрлі шаралардан қалыс қалған ағайын көңілге қаяу түсірмесе болады. Аққайыңдар өлкесінде Наурызға орай 200-ден астам шара өтеді.

АЯГӨЗ НҰРСЕЙІТОВА, СҚО мәдениет, тілдерді дамыту және архив ісі басқармасының бөлім басшысы:

– 16 наурыз – Мәдениет және ұлттық салт-дәстүр күні. Ол күні «Абылай хан резиденциясымен» ұлттық дәстүрлерін көрсете отырып, “Наурыз мейрамы-ұлттық дәстүрлердің қайнар көзі” атты театрландырылған іс-шара шеңберінде мұражай залдарына экскурсиялар, қолданбалы өнер бойынша шеберлік сабағы және ұлттық ойындар өткізіледі.

17-ші наурыз – Шаңырақ күні, ал 18-ші наурыз – Ұлттық киім күні деп белгіленген. Наурыз айының аталған жұлдыздарында жер-жерде тақырыптық іс-шаралар өтпек.

АЯГӨЗ НҰРСЕЙІТОВА, СҚО мәдениет, тілдерді дамыту және архив ісі басқармасының бөлім басшысы:

– 19-шы наурыз – Жаңару күніне орай Ақан сері атындағы СҚО филармониясының “Сегіз сері” қазақ халық аспаптар оркестрінің концерті және де өңірімізге белгілі суретші Вячеслав Смирновтың “Туған өлке суретшінің көзімен” атты картиналар көрмесі өтеді. 20-шы наурыз – Ұлттық спорт күні. Бұл күні облыстың барлық аймақтарында және қаламыздың түрлі алаңдарында ұлттық спорттан: асық ату, тоғызқұмалақ, садақ ату және т.б. жарыстар ұйымдастырылады.

Наурыздың 21-і және 22-сі күндері думан қыза түспек. Негізгі мерекелік бағдарлама дәл Ұлыстың ұлы күніне арналған. Мейрам шаһардың басты алаңында сағат 12:00-де ресми түрде бастау алмақ. Алаңда этно-ауыл тігіледі. Ұлттық ойындар ойналады, киімдер көрсетіледі. Жақын маңда шығыс базары қанат жаяды, елімізге танымал өнерпаздар ән-шырдан шашу шашады. Айтпақшы, наурыздың 17-сі күні Петропавлда аламан айтыс өтеді.

ЖАРҚЫН ЖҰПАРХАН, айтыскер ақын:

– Біз республикалық ақындар айтысын осымен 7-ші рет өткізгелі отырмыз. 14 ақын қытысады. Айтысты Аманжол Әлтаев жүргізетін болады.

Аламанда теріскейдің туын 3 ақын ұстап шықпақ. Жеңімпаздар мен жүлдегерлерді қомақты ақшалай сыйақы күтіп тұр. Мейрам жалғасын табады. 23-ші наурыз – Тазару күні. Бұл күні Қазақстанның барлық аймағында жалпыұлттық экологиялық акция өтеді.

 

Байболат Құлтанов