Қоғам

Қала еріктілері Ана үйіне барды

Талайға пана болған Аналар үйінде қазір 5 нәзікжанды, 7 бала бар. Қиын жағдайға тап болған нәзікжандыларға ЛОРД дарынды балаларға арналған лицей-интернатының оқушылары мен «Көмек жаныңда» ұйымының белсенділері сыйлықтарын табыстауға келді.

КРИСТИНА БЕСПЯТОВА, оқушы:

– Мұнда бірінші рет келіп тұрмын. Балаларына ойыншық, жөргек, қағаз сүлгілер мен тәтті-дәмді әкелдік. Маған осылайн мұқтаж жандарға көмектескен ұнайды. Жүрегімдегі мейірім сезімі молаяды.

Мұндағы тағдырлас аналар өзара тату. Бірлесе тамақ істеп, үй жинайды. Үйде тіпті әлеуметтік қызметкер де бар. Феруза Сүлеймен басында өзі осы үйді паналаған екен. Қазір осы жерде көмекші қызметін атқарады.

ФЕРУЗА СҮЛЕЙМЕН, «Ана үйі» ҚҚ ресурстық орталығының әлеуметтік қызметкері:

– Менің жұмысыма кіретін істер: қыздарға көмектесу, әңгімелесу, қабылдау. Өздерін жат жұрт ретінде қабылдамау үшін барымды саламын. Балаларын бағамын, бір-бірімізге қолдау береміз. Бізге еріктілер әрқашан көмек қолдарын созады.

Бұл жерді нәзікжандылар балалары 1 жарым жасқа толғанға дейін паналай алады. Аяққа тұрғаннан кейін бөлек шығады.

МЕРУЕРТ КӨШЕМБАЕВА, «Ана үйі» ҚҚ ресурстық орталығының аймақтық маманы:

– Біздің үйген тек қана волонтерлер ғана емес, жай қарапайым адамдар да көмектеседі. Мұқтаж жандарға көмектескісі келетін, жүрегінде мейірімі, адамгершілігі бар жандар бұл әлемде жетерлік екен.

Биыл Петропавлдағы Аналар үйіне 10 жыл толады. Осы 10 жылдың ішінде қоғамдық қор 250-ден аса келіншекке пана болған.

 

Мәдина Қаби