Қоғам

Ерікті болу – игі іс

Ерікті болу – жақсылыққа бастайтын игі іс. Облыста осы бағытта біраз шара ұйымдастырылып, оң бастамалар қолға алынған. Белсенді жастар қыс бойы аязға қарамастан қариялар мен мүгедек жандардың үйлерінің алдын қардан тазалап, жазда бау-бақшаларын ретке келтіреді. Бүгін Қазақстан Халық партиясының өкілдері жергілікті ассамблеяда волонтерлердің басын біріктірді. Жаны жайсаң жандардың бірі – Дариға Смаилова. Нәзіжанды мектеп кезінен бастап адамдарға көмектесуде алдына жан салмайды.

ДАРИҒА СМАИЛОВА, облыстық ҚХА жастар қанатының төрағасы:

– Мектеп кезінде бізге мұғаліміміз, ата-анамыз қоршаған ортаңды аяла, үлкендерге көмектес деп айтатын. Маған адамдарға қол ұшын созған ұнайды. Адамдардың бізге эмоциясы, рахмет айтқаны маңызды. Біз жоспармен жұмыс жасамаймыз.

Облыстық ҚХА жастар қанатына 50-ге жуық адам мүшелік етеді. Белсенді жастар бүгінге дейін 10 зейнеткердің үйінің ауласын ақ ұлпадан аршыған. Еріктілердің қоғамда алар орны ерекше. Олар жасаған жақсылықтары үшін өтемақы немесе материалдық құндылық талап етпейді. Игі істі жүрек қалауымен атқарады.

ЖАНАТ МҰХАМЕДЖАНОВ, Қазақстан Халық партиясының мүшесі:

– Жас баладан бастап қарияларымызға дейін ерікті болуға болады. Қамқорлық көрсету, мейірімділік көрсету бұл да волонтердің түріне жатады. Өзіңнің білгеніңді жастарға үйрету керек. Бұл да белсенділік болып танылады.

Петропавл қаласында еріктілік іс атқаруда 6 қоғамдық ұйым алдына жан салмайды. Олардың барлығы мұқтаж жандарға бірлесіп көмектеседі.

 

Гүлден Сембаева