Балалар

Білім олимпиадасының жеңімпаздары мен жүлдегерлері марапатталды

Кемел келешек кілті – білімде. Биыл осындай атаумен тұңғыш рет мектеп оқушыларының арасында жалпы білім беретін пәндер бойынша республикалық олимпиада басталған болатын. Бүгін бәсі биік додада Қызылжар ауданының намысын қорғап, еңбектері ақталған ұл-қыздар марапатталды. Сайыс нәтижесі №2 Бескөл орта мектебінде ортаға салынды.

АМАНГЕЛДІ ӘБДІРАХМАНОВ, Қызылжар аудандық білім бөлімінің басшысы:

– Биыл бұл жарыстың аудандық кезеңіне Қызылжар ауданынан 200 оқушы қатысты. Оның 46-ы жеңімпаз атанды. Облыстық кезеңге 18 ұл-ыз қатысып, оның 7-еуі аудан намысын лайықты түрде қорғап, жеңіске жетті. Сондай-ақ, әрі қарай ауданымыздың 3 оқушысы Астанаға дейін барып, 2-еуі жүлделі орын иеленіп келді.

Әсем әннен кейін кезек көптен күткен марапаттау рәсіміне де келді. Бұл міндет Қызылжар ауданы әкімінің орынбасары Алма Нұрғалиеваға жүктелді. Абзал Сәбит математика пәнінен білімін сынап, мектебінің қоржынын жүлделі 3-ші орынмен молайтып отыр.

АБЗАЛ СӘБИТ, “Парасат” мектеп-лицейінің 11-сынып оқушысы, Қызылжар ауданы:

– Мен жалпы, екі пән бойынша қатыстым. 9-сыныпта информатика, 10-11 сыныпта математика пәнінен. Өзімді 10-сыныптан дайындадым. Өткен жылы облыстық кезеңде бұл пәннен 3-ші орын алдым, биыл да сол нәтижені қайталап отырмын. Математика қос бөлімнен тұрды. Әрқайсысында 3 тапсырмадан тұрды.

Бүгін қос іс-шараның нәтижесі көпке белгілі болып отыр. Нақтырақ айтсақ, “Қазақстан халқына” қоғамдық қоры еліміздің барлық өңірінде “Жаздық жолдама-2024” жобасын іске асыруда. Былтыр Қызылжар ауданынан 22 оқушы “Эдельвейс” лагерінде 2 апта демалып келген. Биыл ауданның 54 баласына тағы осындай мүмкіндік беріліп отыр.

АМАНГЕЛДІ ӘБДРАХМАНОВ, Қызылжар аудандық білім бөлімінің басшысы:

– Бүгін 13 мектеп директорын жолдама сертификатымен марапаттадық. Жазда оқу үздігі болған, әр салада жетістіктерге жеткен балалар демалып келетін болады.

Жалпы, биыл аталмыш жоба бойынша әр өңірде тұратын 20 мың оқушы жазғы лагерьде тегін демалмақ. Оның 500-ден астамы – теріскейлік балғын.

 

Ақжүніс Мұқатай