Экология

Үкімет қоқысты қайта өңдеу жобаларын іске асыруға 200 млрд теңге бөледі

Өткен жылы Қазақстанда 4,1 млн тоннаға жуық коммуналдық қалдық шығарылған, соның 1 млн тоннасы сұрыпталып, қайта өңделген. Бұл туралы Үкімет отырысында экология және табиғи ресурстар министрі Ерлан Нысанбаев айтты. Атқамінердің сөзінше, қоқыстың шамамен 70% пайдалы фракциялардан тұрады. Олар: пластик, макулатура, шыны, органикалық қалдықтар және тағы басқалар. Демек, өңдеу көрсеткішін әлі де арттыру керек. Осыған байланысты Өнеркәсіпті дамыту қоры арқылы қомақты қаржы бөлінбек.

ЕРЛАН НЫСАНБАЕВ, ҚР Экология және табиғи ресурстар министрі:

– Министрліктің жанынан құрылған Жобалық топ 232,2 млрд теңге сомаға 94 жоба іріктеп алды. Жобаларды жүзеге асыру нәтижесінде брусчатка, люктер, қоқыс бактары, шыны таралары, стрейч пленкалар, көлік бамперлері сияқты халықтың басқа да тұтыну тауарлары шығарылатын болады.

Яғни, күнделікті өмірде қажетсіз заттардан бірсыпыра дүние әзірленбек. Қаржыландыру 3 жылдан 15 жылға дейінгі қарыз беру мерзімін және 3%-дық сыйақы мөлшерлемесін қарастырады. Жоспарды жүзеге асыру үшін бірқатар бағытқа қазірден назар аудару керек. Мысалы, елде контейнерлер мен қоқыс таситын көліктер жеткілікті деңгейде болуы тиіс.

ЕРЛАН НЫСАНБАЕВ, ҚР Экология және табиғи ресурстар министрі:

– Әкімдіктердің мәліметінше, бүгінгі күні елімізде 133 мың дана контейнер бар, ал қосымша қажеттілік 60 мың дананы құрап отыр. Ірі қалаларда 1681 қоқыс таситын көлік қызмет етеді, қосымша қажеттілік шамамен 900 дананы құраса, оның 223 данасы инвестициялық жобаларда ескерілді. Контейнерлер мен қоқыс таситын көліктер жергілікті бюджет пен жеке инвестициялар есебінен сатып алынуы тиіс.

Министр барлық жоба жергілікті атқарушы органдармен келісілгенін және жақын арада Өнеркәсіпті дамыту қорының қарауына жолданатынын айтты.

 

Байболат Құлтанов