Экология

СҚО-да наурыздың соңында қар күрт еруі мүмкін

Су тасқыны – қазір өңіріміздегі ең актуалды тақырып. Бүгінде “Қазгидромет” өкілдері жатпай-тұрмай тиісті есептеулер жүргізіп жатыр. Алдын ала нәтиже бар және ол көңіл көншітпейді. Тілшілермен тілдескен облыстың бас синоптигі сандарды сөйлетті.

ҚЫМБАТ МЕРҒАЛЫМОВА, “Қазгидромет” РМК СҚОФ директоры:

– СҚО-дағы Есіл өзенінің алабына (Сергеев су қоймасына) келетін су орташа көпжылдық мәндерден 57%-ға жоғары.

Наурыз келгенімен қары қалың, желі өткір аққайыңдар өлкесінде қыстың ызғары сезіледі. Бұған етіміз үйренген. Алайда, “күн қашан жылады?” деген сұрақ көпшіліктің көкейінде жүр. Бұл сауалға Қымбат Мерғалымова былай жауап берді:

ҚЫМБАТ МЕРҒАЛЫМОВА, “Қазгидромет” РМК СҚОФ директоры:

– Наурызға арналған болжамға сәйкес, бірінші және екінші онкүндікте теріс орташа тәуліктік температура сақталады және қар жамылғысында ылғалдың жиналуы жалғасады. Үшінші онкүндіктің екінші жартысында айтарлықтай жылыну болжанады, бұл белсенді қар еруіне және еріген су ағынының пайда болуына әкеледі.

Демек, 20 күн өтпей ауа райы оң қабақ танытпайды. Алайда, таяқтың екінші ұшын ескеруіміз керек. Температура бірден көтеріліп, қар күрт ерісе, қызыл су жібіп үлгермеген жерге сіңбей, жан-жаққа жайылуы мүмкін. Тағы, өзен-көлдердің деңгейі бірден көтерілуі ықтимал.

ҚЫМБАТ МЕРҒАЛЫМОВА, “Қазгидромет” РМК СҚОФ директоры:

– Ақанбұрлық, Бабықбұрлық, Иманбұрлық және Шарық сияқты кіші өзендер Есілге құяды. Бұлардың деңгейі сәуірдің басында көтеріледі деп болжанып отыр. Нәтижесінде көп ұзамай Есілдің арнасы толығады. Біздің болжамымыз бойынша Сергеев қоймасына жиналған су айдың ортасында ернеуінен асады.

Ернеуінен асқан су сәуірдің соңында Петропавлға жетпек. Өңірдегі тасқынға Ақмола облысындағы жағдай тікелей әсер етуі мүмкін. Қазір синоптиктер бұл бағытта да есептеулер мен зерттеу жұмыстарын жүргізуде.

 

Байболат Құлтанов