Денсаулық сақтау

Канадалық дәрігер білген-түйгенімен бөлісті

Шапшаңдық, тез әрі дұрыс шешім қабылдау – жедел жәрдем қызметкеріне тән қасиет. Адамның өмірі қыл үстінде тұрған сәтте шақырту орнына дереу жеткен білікті маманның көмегі маңызды рөл атқарады. Сондықтан, олар үнемі тәжірибелерін толықтырып отырулары керек. Осы мақсатта облыстық орталықтың симуляциялық кабинеті базасында арнайы оқу алаңы ашылды. Мұнда американдық және ұлттық стандарттар бағдарламалары бойынша курстар өткізіледі.

ЮРИЙ БЕЛОНОГ, СҚО жедел медициналық көмек көрсету орталығының директоры:

– Біз бұл оқыту жүйесі үшін халықаралық дәрежесі бар 4 жаттықтырушыны дайындадық. Сонымен қатар, жеткілікті көлемде құрал-жабдықтар сатып алдық. Мұның барлығы фельдшерлер мен дәрігерлердің біліктілігін арттыру мақсатында жасалды. Қазіргі таңда бізде реанимация немесе организмді тірілту көрсеткіші 68%-ды құрайды. Бұл өте жақсы нәтиже.

Дегенмен, осы және өзге де көрсеткіштерді әрмен қарай арттыру керек. Бүгін Петропавлға “Kazanada” халықаралық оқу орталығының директоры Кевин Фрик келді. Ол симуляциялық орталықпен танысып, мүмкіндіктерді бағалап, алдағы мақсат-міндеттерді нақтылады.

КЕВИН ФРИК, “Kazanada” халықаралық оқу орталығының директоры, Астана қаласы:

– “Kazanada” аймақтағы халықаралық медициналық оқыту бағдарламасының көшбасшысы болып табылады. Алғашқы медициналық, кардиологиялық, педиатриялық және асқынған жарақатқа көмек көрсету курстары ұсынылады. Қай жерге барсақ та біздің мақсатымыз – дәрігерлерді тұрғындарға сапалы көмек көрсетуге үйрету. Көбі “Оқыту неге Алматы, Астана, Шымкент қаласынан емес, Петропавл қаласынан басталды?” деген сұрақ қоюы мүмкін. Үлкен қалаларда мұндай семинарлар өтіп тұралы. Елдегі басқа аумақтар шет қалмауы тиіс.

Оқыту семинары 2 аптаға созылады. Іс-шара соңында талай жанның алғысын алған мамандарға халықаралық үлгідегі сертификаттар табысталмақ.

 

Ақжүніс Мұқатай