Денсаулық сақтау

Түзету және дамыту орталығында сенсорлық бөлме ашылды

Қаладағы түзету және дамыту орталығында айтулы сәт. Енді бұл мекемеде жас бөбектерге арналған сенсорлық бөлме бар. Бүгін аты көпшілікке жақсы таныс аталмыш кабинеттің ашылу салтанаты болып, таспасы кесілді.

Жұмсақ жарық, тыныштандыратын нәзік әуен, түрлі құрылғылар. Ерекше атмосферадағы бөлме күніне 10-ға жуық баланы қабылдауға қауқарлы. Мұнда есту, иіскеу, сипау сезімдерін қалпына келтіріп, нығайтуға арналған 10 шақты құрал-жабдық бар. Сенсорлық бөлмені ашу туралы ой орталықтың жетекшісі Ғалия Баязитоваға жарты жылдан астам уақыт бұрын келген.

ҒАЛИЯ БАЯЗИТОВА, түзету және дамыту орталығының жетекшісі:

– Сенсорлық бөлменің бір ерекшелігі бар. Яғни, ерекше балаларға арналған түзету дамыту бағытындағы және танымдық жүйесіндегі, мінез-құлық ерекшелігіндегі өзгерістерді жақсы жаққа бұрады. Қоса кететін бір жайт, біз әлеуметтік кәсіпкерлер жүйесіне кірген болатынбыз. Сол бағытта мәнді жұмыстарды жүзеге асырып жатырмыз.

Мұндағы құрал-жабдық еліміздің түкпір-түкпірі мен Ресейден әкелінген. Бөлмеде 2 маман жұмыс істейді. Ал келген балалардың мұнда өткізетін уақыт ұзақтығы – 30 минут.

ҒАЛИЯ БАЯЗИТОВА, түзету және дамыту орталығының жетекшісі:

– Әр баланың дамытатын жері болады. Танымдық жүйесі жағынан, сипап сезу, сөйлеу және дене моторикасын дамытуға болады. Эмоционалды тұрақсыз балалалар да болады. Сондай бүлдіршіндерге сенсорлық бөлменің пайдасы зор.

Бүгінгі айтулы күнмен әрі қуанышпен бөлісіп келген қонақтардың арасында қалалық мәслихаттың депутаты Сәлімхан Сәбитов те бар. Белсенді жан мұндай бөлмелер өңірде көптеп ашылуы керек дейді.

СӘЛІМХАН СӘБИТОВ, қалалық мәслихаттың депутаты:

– Бүгін түзету және дамыту ортылғының жұмысымен танысып, нәтижелерін көріп жатырмыз. Балаларлың бойындағы өзгерістерін көріп қуанып жатырмыз. Расында да олар сөйлеу, жазу білмейтін балалар оң жаққа өзгеріп, жақсы нәтиже көрсетуде. Сәлемдесіп, қоштасып та жатыр.

Жалпы, сенсорлық бөлмеде 1 жастан 11 жасқа дейінгі балалар қабылданады.

 

Ақжүніс Мұқатай