Экология

Еліктер қалай қоректендіріледі?

Бұл – Бескөл аңшылық шаруашылығы. Қызылжар ауданының орталығынан 6 шақырым жерде орналасқан. Күн суық, қар қалың. Жәй көлік өте алмайды. 6 км жердегі шаруашылыққа шанамен 15 минут бойы жүрдік. Желдің өтінде бетіміз домбығып, әзер дегенде жеттік.

ГҮЛДЕН СЕМБАЕВА, тілші:

– Қалың қар, аязды қыс жануарлардың өздігінен қажетті қорегін әздеп табуын қиындатты. Сол себепті, жабайы жануарларды қоректендіру үшін мынадай оттық дайындалады. Оған жем шөп салынады. Олардың әрқайсысы қай жерде жем шөптің оттығы бар екенін біледі.

Қыста кейбір жануарлар ұйқыға кетсе, елік, түлкі, қоян секілді аңдар өз жемін тауып жүре береді. Бірақ, биылғы қыс қатты болды.
Жем іздеген еліктерді елді мекендерге жақындап, жолда шығып кеткен жағдайларын талай рет көрдік. Түз тағыларына табиғат жанашырлары көмекке келеді. Олар жаз бойы сыпырғыш, жемазық дайындап, осы әрекеттерімен төртаяқтылардың қыстан аман-есен шығуына сеп болады. Бескөл аңшылық шаруашылығының орманшылары жануарларға әр 2-3 күн сайын азық салып отырады. Қызылжар ауданында 100-ден астам оттық бар. Аумағы 80 мың гектар жерді қоян, түлкі, елік мекендейді. Қызылжар ауданында барлығы – 4 аңшылық шаруашылығы бар.

ЮРИЙ ПОБЕРЕЖНИК, Бескөл аңшылық шаруашылығының аға аңшысы:

– Бізде әр орманшының өз аумағы бар. Менің қарамағыма Есіл өзені мен Бескөлдің маңы және Леденева, Боголюбова аумағы кіреді. Жануарларды таңғы 10-да бір рет, кешке тағы бір рет азықтандырамыз, 100-150-дей сыпыртқы саламын. Жануарларды қоректендіруге тұрғындар да көмектеседі.

Өңірде жалпы аумағы – 8 млн гектардан астам 47 аңшылық шаруашылығы бар. 11-і облыстық аңшылар мен балықшылар қоғамына тиесілі. Оның көлемі 2 млн гектардан асады. Мамандар жануарларға қысқыға деп 175 тоннаға жуық шөп, 140 мың бума сыпыртқы, 160 мың тонна астық қалдығы мен 800 келі тұз дайындаған.

МАКСИМ УШАКОВ, СҚО аңшылар мен балықшылар қоғамының аңшысы:

– Бұл аумақты елік, қабан, марал, қоян және өзге де жабайы жануарлар мекендейді. Қазір елік көп. Олардың көрші елден келіп жатқаны белгілі. Біз әзірлеген жемшөп көлемі тек өзіміздің төртаяқтыларға ғана шақталған. Бірақ, азық барлығына бірдей жетіп жатыр.

Жануарларды қоректендіру наурыздың соңына дейін жалғасады. Өткен жылғы есеп бойынша өңірде 900-ден аса бұлан, 1600-ден астам марал, 3 мыңға жуық қабан мен 20 мыңға жуық елік бар екен.

 

Гүлден Сембаева