Денсаулық сақтау

Ассамблея мүшелері қан тапсырды

Өмір сыйла – донор бол! Облыстық Қазақстан халқы Ассамблеясының мүшелері облыстық орталыққа қан тапсыру үшін келіп отыр. Тапсырмас бұрын әр адам дәрігерлердің қарауынан өтеді. Бойы мен салмағы және қан қысымы тексеріліп, гемоглобин көрсеткіші бақыланады. Кейін мамандар тұрғындарға қуат алу үшін тәтті шай береді.

ДАРИҒА СМАИЛОВА, облыстық ҚХА жастар қанатының төрағасы:

– Ұжыммен бірінші рет қан тапсыруға келдік. Қан тапсырғаннан кейін өзімді жеңіл сезіндім. Енді жылына бірнеше рет қан тапсырамын деп шештім. Бұл – адамзатқа игі іс.

Игі іске бірінші рет барғандар 350 мл қан тапсырады. Ал тұрақты донорларлан көптеу алынады. Мамандардың айтуынша, бұл адамның денсаулығына зиян келтірмейді. Керісінше, жақсартады. Ескерер жайт, бәрі бірдей қан тапсырмайды.

ЕВГЕНИЯ ЗАХАРОВА, облыстық қан орталығының дәрігер-терапеві:

– Егер адам дәрігердің есебінде тұрса, дәрі-дәрмек қабылдаса, ол донор бола алмайды. Сондай-ақ, денесінде сурет бар немесе пирсинг таққан тұрғын да қан тапсырмайды. Статистикаға сүйенсек, көбінесе 1-ші қан тобы кең таралған. Сол себепті, дәл осы топтағы қан қорын ұлғайтып отырамыз.

Айта кеткен жөн, 1 рет қан тапсырған жан 3 адамның өмірін құтқарады. Сондай-ақ, қан тапсыру адам өмірін 5-7 жылға ұзартады. Облыстық орталықтың есігін өткен жылы 10 мыңнан астам донор ашыпты.

 

Гүлден Сембаева