Экология

Университетте ыдырайтын биологиялық тағамдық қаптама ойлап табылды

Табиғаттың ластануы – күллі әлемді толғандырған мәселе. Алысқа бармай-ақ, өзіміздің Қазақстанды мысал етейік. Елімізде жыл сайын 600 тоннадан астам түрлі пластик қалдық шығарылады. Олардың басым бөлігі өңделмей, далаға тасталады. Ал мұндай дүние қоршаған ортада 200 жылға дейін сақталады екен. Сондықтан, күрделі мәселеге кешенді көзқарас пен нақты әрекет қажет.

Мәселені шешуге Қозыбаев университеті кірісті. Қазір білім ордасыың қабырғасында ыдырайтын биологиялық тағамдық қаптамалар әзірленуде. Жоба жетекшісі – аға оқытушы Елена Иль.

ЕЛЕНА ИЛЬ, Қозыбаев университеті Агротехнология факультетінің аға оқытушысы:

– Біздің қаптама полимерлі және целлофан пакеттерін пайдалануды азайтады. Сонысымен экологияға ауыз толтырып айтарлықтай пайда әкеледі. Туындымыз оңай жойылады, ол ыстық суда бірден ыдырайды. Ал жұмысымыз ашық кеңістікке, топыраққа түссе, табиғи факторлардан ыдырап кетеді. Қоршаған ортаға зиян келтірмейді.

Қаптама каррагинан атты табиғи гельден тұрады. Ол Қызыл теңіз балдырларын экстрациялау кезінде алынады. Айта кетерлік жайт, арнайы топқа ғылыми жұмыс үшін қаржыны National Conservation Initiative корпоративтік қоры мен Назарбаев Университеті бөлді.

ЕЛЕНА ИЛЬ, Қозыбаев университеті Агротехнология факультетінің аға оқытушысы:

– Біз Sustainability Living Lab бағдарламасы аясында жетістікке жеттік. Бізге жобамызды жүзеге асыру үшін 1 300 000 теңге көлемінде қаржы бөлінді. Аударылған қаржыға арнайы қондырғылар мен материалдар сатып алынды. Енді аянбай тер төгеміз. Белгілі бір белесті бағындырғымыз келеді.

Жұмыс жетерлік. Алда ғалымдарды өндіріс технологиясын жетілдіру, қаптаманың беріктігін арттыру және адам ағзасына әсері бойынша зерттеулер күтіп тұр.

НИНА КУЗНЕЦОВА, Қозыбаев университетінің студенті:

– Бірнеше тәжірибе жасап, тамаша жетістікке қол жеткіздік. Мен – 2-курс студентімін. Аризона университетімен бірлескен бағдарлама аясында оқып отырмын. Біз жүзеге асырған жоба менің мамандығыммен тығыз байланысты. Осы туынды аясында алған білімді, жинаған тәжірибені болашақта диплом, ғылыми мақалалар жазу кезінде пайдаланамын.

Бірегей жоба авторлары қаптамаға түс беру үшін бояулар да қосып көріпті. Нәтижесінде туынды көз сүйсіндірген. Алайда, ол беріктік тұрғысында жерге қаратқан. Мамандар бұл бағытта жұмысты бастап та кетті. Университет өкілдері келешекте өз жұмыстарына патент алуды жоспарлап отыр.