Денсаулық сақтау

СҚО-да биыл 20-дан астам адам туберкулезге шалдыққан

Өңірде туберкулезге қатысты эпидемиологиялық ахуал қандай? Бұл сұраққа облыстық фтизиопульмонология орталығында өткен жиында ақхалатты мамандар жауап берді. Республика бойынша бұл қатерлі індетке шалдығудан облыс алдыңғы орында тұр екен.

КЕНЖЕГҮЛ ӘРІПОВА, облыстық фтизиопульмонология орталығының бөлімше меңгерушісі:

– Соңғы 5 жылмен салыстырғанда 36 пайызға төмендеген болатын. 2023-ші жылы туберкулезбен ауырғандардың саны 40 пайызды құрады. Яғни, бұл дегеніміз – 216 адам бірінші рет туберкулезге шалдығып есепке алынды. Егер 2022 мен салыстыратын болсақ, бұл көрсеткіш 3,8 пайызға өсті.

Ауруға шалдыққандардың басым бөлігі – тұрғылықты мекенжайы жоқтар мен түзету мекемесінде отырғандар. Жалпы, өткен жылы 335 мыңнан астам адам флюрографиялық тексерістен өткен. Нәтижесінде 200-ге жуық адамның туберкулезбен ауыратыны анықталды. 2022 жылы бұл дерттен – 14, былтыр 15 адам қайтқан. Бір айта кететіні, балалар мен жасөспірімдер арасында туберкулезге шалдығу жағдайлары 5 жылмен салыстырғанда 2 есеге азайған.

ГҮЛМИРА ЖАРМАҒАМБЕТОВА, облыстық фтизиопульмонология орталығының фтизиопедиатры:

– Өткен жылы 17 жасқа дейінгі балалар арасында 11 жағдай тіркелді. Бұл 2022-ші жылмен салыстырғанда бір адамға көп. Былтыр дүниеге келген 5 мыңға жуық сәбидің 96 пайызына туберкулезге қарсы екпе қойылды.

Ертең ел бойынша Дүниежүзілік туберкулезбен күрес күніне орай айлық басталады. Осыған орай фтизиопульмонология орталығында наурыздың 2-сі мен 16-сы аралығында ашық есік күні өтеді.

КЕНЖЕГҮЛ ӘРІПОВА, облыстық орталығы бөлімше меңгерушісі:

Тұрғындар келіп флюрографиялық тексерістен өтулеріне болады. Сондай-ақ, дәрігерлерден кеңес алуға болады.

Облыстық фтизиопульмонология орталығында 200-ден астам маман жұмыс істейді. Орталықтың өзінде кадр мәселе жоқ, фтизиатр мамандар өңірде үш ауданға қажет.

 

Гүлден Сембаева