Экология

Қала ауасының тазалығы. Халық не дейді, экологтардың жауабы қандай?

Мынау – қаланы сырттан қарағандағы көрініс. Байқасаңыздар, қала түтін ортасында тұрғанын көруге болады. Бұл ненің түтіні, күнде тыныстап жүрген ауа таза ма? Негізі, атмосфераның ластануына әкеп соғатын бірнеше фактор бар екен. Олар: ірі зауыттар мен жылыту орталығынан шығатын түтін, кәдімгі қаптаған автокөліктер мен жер үйлердің пешінен шыққан түтін.

ДАМИР ЖҰМАБАЕВ, СҚО бойынша экология департаментінің бөлім басшысы:

– Қазгидромет филиалының деректері бойынша ақпанның 18-і мен 19-ы түнде Петропавл қаласының аумағында қолайсыз метеорологиялық жағдайлар байқалады. Желдің төмен жылдамдығына байланысты қаладағы түтін тарамайды.

Қалада ауаның тазалығын тексеретін 4 бекет бар. Оның екеуі стационарлық.
Ауаның ластану көрсеткіші орташа деңгейден сәл төмен дейді мамандар. Оны арнайы құрал арқылы байқап көрді. Облыс орталығында ірі зауыт-фабрикалар көп болмағандықтан ауаны ластайтын элементтер де аз көрінеді.

– Осы орайда тұрғындардың пікірін білуді жөн көрдік. Олардың айтуынша ауа ластанып барады.

– Мен жер үйлерге жақын тұрамын. Дала аяз болғаннан кейін пешті тоқтаусыз жағады. Оларды да түсінуге болады. Бірақ, кейде үйді желдетіп алайын десең терезені аша алмаймын.
– Ауаның ластануына көбінесе машиналар зиян келтіреді деп ойлаймын. Себебі, соңғы уақытта көбейіп кетті.

Машина демекші, Петропавлда 50 мың көлік тіркелген. Эколог мамандар ауа құрамын тұрақты түрде тексеріп тұрады. Тіпті, жылу-электр орталығында да болған. Айтуларынша, былтыр да, биыл да ауаға зиянды зат бөлу бойынша ешқандай бұзушылық анықталмаған.

 

Гүлден Сембаева