МТРА жаңалықтары

“Даму” қоры шағын және орта бизнесті қаржылай қолдауға өтінім қабылдауды бастады

5 ақпаннан бастап “Даму” қоры жаңартылған “Бірыңғай кешенді бағдарламаны” жүзеге асыруда. Игі бастама іске қосылғаннан бері 17 теріскейлік субсидия алған. Жалпы, бағдарлама шағын және орта бизнеске мемлекет тарапынан тиімді қолдау көрсетіп, отандық жобаларды дамыту үшін бекітілген. Кешенді қолдау шаралары 6 бағыт бойынша қолдау көрсетеді.

САЛТАНАТ УӘЛИХАН, “DAMU” кәсіпкерлікті дамыту қоры” АҚ СҚОФ менеджері:

– Мемлекеттік қолдаудың кешенді шаралары шағын кәсіпкерлікті, шағын және орта бизнесті, сондай-ақ, моно және шағын қалалардағы, ауылдық елді мекендердегі кәсіпкерлікті, әлеуметтік кәсіпкерлікті және қор биржасын қоса алғанда кәсіпкерліктің барлық бағыттарындағы өзгерістерді көздейді. Жаңа тәсілдер шеңберінде несие бойынша субсидиялау негізінен Өңдеу өнеркәсібі, ауыл шаруашылығы өнімдерін қайта өңдеу және жоғары технологиялық қызметтер жобаларына бағытталатын болады.

Мұндай жобалар бойынша алғашқы 3 жыл ішінде кәсіпкер несиесін 8%-бен, төртінші жылдан – 9, бесінші жылдан 10%-бен төлейді. Мемлекет шағын және орта бизнесті дамытуға айтарлықтай күш салуда. Осы орайда айта кетейік, ел Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев биылғы жолдауында өндіріс жобаларына баса назар аудара отырып, шағын және орта бизнесті дамытудың маңыздылығын атап өткен болатын.

САЛТАНАТ УӘЛИХАН, “DAMU” кәсіпкерлікті дамыту қоры” АҚ СҚОФ менеджері:

– Ол етті, сүтті және астықты терең өңдеуге, өнеркәсіптік жылыжай шаруашылығын дамытуға, сондай-ақ, металдарды терең өңдеуге, мұнай, газ және көмір химиясына, ауыр машина жасауға, уранды конверсиялауға және байытуға, автокомпоненттер мен тыңайтқыштар өндірісіне назар аударуға шақырды. Елдің берік өнеркәсіптік қаңқасын қалыптастыру үшін жоғары қайта бөлу кластерін құру қажет.

Жалпы, былтыр “Даму” қорының облыстық филиалы жалпы сомасы – 51 млрд теңгеден астам қаражатты құрайтын 559 жобаға қолдау көрсетті.

 

Ақжүніс Мұқатай