Қоғам

Көктемгі су тасқынына дайынбыз ба?

Енді аз уақыттан кейін қар ери бастайды. Теріскейліктерді биыл өңірге нормадан артық түскен ақ ұлпаның мөлшері алаңдатып отыр. Оның үстіне қараша-желтоқсан айлары жаңбырлы болып, жердің беті қатып қалған. Енді күн күрт жылынса еріген қар топыраққа бірден сіңбеуі мүмкін. Жыл сайын Заречный кенті су басу қаупі жоғары аймаққа кіреді. Кент тұрғыны Руслан Ибраев ылғи көктемде жанымызды шүберекке түйіп отырамыз дейді.

РУСЛАН ИБРАЕВ, Заречный кентінің тұрғыны:

– Біздің үйде түрлі төтенше жағдайға арналған сөмке бар. Оған ең алдымен құжаттар мен киім салынған. Ондай сөмке барлығында дайын болуы керек деп ойлаймын. Заречный кентінде полиция департаментінің өкілдері рейдтік жұмыстар жүргізеді.

Тұрғындар 2017 жылғы жағдайдың қайталанғанын қаламайды. Еске сала кетейік, осыдан 7 жыл бұрын орын алған апатты жағдайдан бұл кент үйлерінің дені су астында қалған еді. Әлі де қауіп бар. Әсіресе, Заречная 1 көшесінде үнемі су тасқыны болады екен.

ВАЛЕНТИН ЛАТАТУЕВ, Заречный кентінің тұрғыны:

– Жыл сайын қар ерігенде жолда жүре алмай қаламыз. Біз қайта жоғары жақта тұрамыз. Төменде тұратын халықтың жағдайы мүлдем қиындайды. Биыл қар көп. Неге дайындалу керек екенін де білмеймін. Заттарымның барлығын жоғарыға қоюдан басқа амал жоқ сияқты.

Солтүстікте биыл 87 ауылды су басу қаупі бар. Ол дегеніміз – 2 мыңға жуық үй мен 5 мың адам. Бүгін өңірлік коммуникациялар қызметінде облыстық төтенше жағдайлар департаментінің бастығы Ерік Сарыбаев көктемгі су тасқыны бойынша өңірде атқарылып жатқан жұмыстан құлағдар етті.

ЕРІК САРЫБАЕВ, СҚО ТЖД бастығы:

– Қазіргі таңда 175 елді мекенді су басу қаупін толықтай төмендетіп отырмыз. Бұл дегеніміз 131 шақырымды құрайтын жер үйінділерін жасау, 7 жарым шақырымды құрайтын қорғау дамбаларын тұрғызу және 5 гидротехникалық құрылыстарына жөндеу жүргіздік. 97 су өткізу құбырын орнаттық, 17 тюбинк және 58,9 шақырымыды құрайтын жаңбыр және ерінді суларды ағызып әкететін жүйелер орнаттық.

Жауған қар мен еріген судың мөлшері былтырғыдан бірнеше есеге көп болса да алаңдауға негіз жоқ. Су тасқынына дайынбыз дейді “Қазсушар” филиалының директоры Шұғайып Ибатуллин.

ШҰҒАЙЫП ИБАТУЛЛИН, “Қазсушар” РМК СҚОФ директоры:

– Көпфакторлы тексеріске республикалық бюджеттен 28 млн теңге бөлінген. Сондықтан, су тасқынына дайынбыз деп есептейміз. Қазгидрометтің болжамы бойынша биыл судың көлемі 1 млрд 700 млн шақырым деп отыр. Бұл жыл сайын келетін судың мөлшерінен 40 пайызға көп. Бірақ, ешқандай қауіпті жағдай жоқ.

Қазір жергілікті атқарушы органдар алда келе жатқан қауырт кезеңге 1500-ге жуық маман, мыңнан астам техника және 70-тен аса су айдау құралынан тұратын күш қамдап қойған.

 

Ақжүніс Мұқатай