Ауыл шаруашылығы

Геннадий Зенченконы еске алу кеші

Жақсының аты өшпес. Қазақстанның Еңбек Ері, атақты аграрий Генадий Зенченконың өмірден өткеніне бірнеше жыл болды. Бірақ, жерлестері оны ешқашан ұмытпайды. Бар ғұмырын агросекторға арнаған даңты тұлға аянбай төккен тердің арқасында қарапайым механизордан Қазақстандық ауыл шаруашылығы өндірісінің ұйымдастырушысына дейін көтерілді. Ол өмірінің 40 жылын Қазақстан Республикасының агроқұрылымына арнаған. Аянбай еңбек еткенінің арқасында қазіргі таңда оның кәсіпкерлігі танымал брендке айналып отыр. Оның құрметіне орай облыстық архивте дөңгелек үстел жиыны ұйымдастырылды.

СӘУЛЕ МӘЛІКОВА, Солтүстік Қазақстан мемлекеттік архивінің директоры:

– Геннадий Иванович Зенченконың өмір жолын көрсете отырып, өлкемізге және еліміздің азаматтарына еңбек азаматының құрметін көрсете білу. Сол арқылы жастарды еңбек жолына тәрбиелегіміз келеді. Жаңа Қазақстанымыздың дамуының бір бағытын көрсету.

Әкесінен қалған істі қазір ұлы Геннадий Зенченко дөңгелетіп отыр.
Айтуынша, Геннадий Иванович әділ, турашыл адам болған және балаларын әуелден кәсіпкерлікке баулып, ой-саналарына еңбек ұғымын құйған.

ГЕННАДИЙ ЗЕНЧЕНКО, Қазақстанның Еңбек ері Г.Зенченконың ұлы:

– Ол өз-өзіне де, халыққа да адал болды. Қол астында еңбек еткен жұмысшылары оны ерекше сыйлады. Әкем тәкаппарлықтан ада болатын. Біз қалада тұрған емеспіз, ауылда тудық, ауылда өмір сүрдік, еңбектеніп, халықпен бірге дамыдық.

Жиынға қатысушылар Геннадий Зенченко туралы көрмемен танысып, фотосуреттерін тамашалады.

 

Мәдина Қаби