Ауыл шаруашылығы

Ауыл шаруашылығының дамуы

Ауыл шаруашылығы министрлігінің мамандары салаға талдау жүргізіп, бірқатар жүйелі проблемалар мен кедергі факторларды анықтаған. Осы мәселелерді шешу үшін тиісті Жол картасы әзірленді. Орталық комуникациялар қызметі алаңында өткен баспасөз конференциясында министр атқарылған жұмысқа тоқталды. Оның айтуынша, көрсеткіштерді есептеудің жаңа тәсілін қолдану қажет.

АЙДАРБЕК САПАРОВ, ҚР Ауыл шаруашылығы министрі:

– Көп жыл бойы қалыптасқан есептеу әдістемесін өзгерту қажет. Содан бұрмаланған деректер болмайды. Бұдан кейін сенімді деректерге сүйеніп, заман талабына сай есептеудің жаңа тәсілдерін қолдануымыз қажет. Осы бағыттағы жұмыстар басталып кетті. Арнайы комиисия құрылды. Комиссия мүшелеріне ауыл шаруашылығындағы деректерді ретке келтіру міндеті жүктелді.

Айдарбек Сапаров ауыл шаруашылығын дамытудың негізгі проблемаларына тоқталып өтті. Баланста бар 2,3 млн га суармалы жерлердің 1 жарым млн-ы пайдаланылады. 300 мың гектардан астам аумақта ғана су үнемдеу технологиясы қолданылады. Себеп – қаржыландырудың аздығы.

АЙДАРБЕК САПАРОВ, ҚР Ауыл шаруашылығы министрі:

– Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша биыл салаға қаражат тарту бойынша ауқымды жұмыс жүргізіледі. Бұл ретте бюджет қаржысы ғана емес, басқа да көздерден, оның ішінде екінші деңгейлі банктердің капиталын да тарту көзделіп отыр.

Қатарынан көктемгі егін егу науқанына дайындық жүріп жатыр. Жыл сайын
егін егу мен жиын-терім жұмыстарына жеңілдетілген 1,5 трлн теңге несие бөлінеді. Негізгі мақсаттардың бірі – алқаптарды әртараптандыру.

АЙДАРБЕК САПАРОВ, ҚР Ауыл шаруашылығы министрі:

– 2028 жылға қарай бидай алқаптары 855 мың гектарға қысқаруы тиіс. 5 жыл ішінде қарақұмық сияқты әлеуметтік маңызы бар дақыл алқабы 50 мың гектарға, майлы дақыл егілетін жерлер 3,7 млн га жеткізілмек. Жемшөп алқаптарын 500 мың гектарға ұлғайту жоспарланып отыр.

Елімізде мақсатында пайдаланылмай жатқан жерлер қайтарылып өзге іскер азаматтарға беріледі. Осы ретте 2022-ші жылдың басынан бері 10 млн гектар ауылшаруашылық жер мемлекетке қайтарылған.

 

Гүлден Сембаева