СҚО әкімдігіАптадағы маңызды жаңалықтар

Мұрат Абдулов Уәлиханов ауданының әкімі болып тағайындалды

Уәлиханов ауданына жаңа әкім тағайындалды. Енді бұл лауазымды қызметті 47 жастағы Мұрат Абдулов атқарады. Ол ауданды бірнеше жыл басқарып, құрметті еңбек демалысына шыққан Қайрат Пішенбаевтың орнына келіп отыр.

ҒАУЕЗ НҰРМҰХАМБЕТОВ, Солтүстік Қазақстан облысының әкімі:

– Мұрат Тоқмағанбетұлы 1976 жылы туған. Уәлиханов ауданы Кішкенекөл ауылының тумасы. Өздеріңіздің әріптестеріңіз әрі жерлестеріңіз. Еңбек жолын 1994 жылы Кішкенекөл ауылында аудандық халықты әлеуметтік қорғау бөлімінде инспектор болып бастаған.

Мұрат Абдулов бұған дейін аудандық мәслихат төрағасы болды. Оның кандидатурасын жергілікті депутаттар бірауыздан қолдады. Артынша актив отырысы басталды. Мұнда облыс әкімі назар аударуды қажет ететін негізгі бағыттарды жіпке тізді. Тізгінді қолға алған атқамінерге атқарар шаруа жетерлік. Алдымен ауыл шаруашылығына көңіл бөлу керек.

ҒАУЕЗ НҰРМҰХАМБЕТОВ, Солтүстік Қазақстан облысының әкімі:

– Ауданда ауыл шаруашылығы өнімін өңдеу нашар дамыған. Бүгінде екі ғана кәсіпорын жұмыс істеп тұр. Аудан әкіміне жаңа инвесторларды тартып, осы мәселені қолға алуды тапсырамын.

Уәлиханов – облыс орталығынан ең алыс орналасқан аудан. Мұндағы ауылдардың да арасы ондаған шақырымды құрайды. Кішкенекөл мен елді мекендерге қатынауды жақсарту – жаңа әкімге жүктелген кезекті міндет.

ҒАУЕЗ НҰРМҰХАМБЕТОВ, Солтүстік Қазақстан облысының әкімі:

– Осы жылы жолдарды жөндеуге 717 млн теңге бөлінді. Аудан әкімінің міндеті – 2026 жылға қарай жолдардың 95 пайызын нормативтік жағдайға келтіру. Қаражатты бөлеміз, ақылдасамыз.

Соңғы жылдары Уәлиханов ауданынан бірнеше талантты спортшы шыққаны белгілі. Жүзден жүйрік атанар ұл-қыздар алдағы уақытта да дайындалады. Қазір Кішкенекөл ауылында заманауи бассейннің құрылысы жүріп жатыр.

ҒАУЕЗ НҰРМҰХАМБЕТОВ, Солтүстік Қазақстан облысының әкімі:

– Бүгінде аудан орталығында 25 метрлік жүзу бассейні салынып жатыр. Аудан әкімі осы нысанның уақытылы салынуын және іске қосылуы қамтамасыз етуі қажет.

МҰРАТ АБДУЛОВ, Уәлиханов ауданының әкімі:

– Ғауез Торсанұлы, депутаттар осы лауызымға лайық деп дауыс беріп жатыр. Осы үшін алғыс білдіремін. Олармен тығыз байланыста болып, жұмыс істеп ауданымыздың дамуына күш саламыз.

Айтылмаған сөз жетім дегендей, жиында уәлихановтықтар белсенділік танытты. Олар тұз өндірісін қолға алуды, қосымша ауыз су көздерін табуды, жедел жәрдем көлігі санын арттыруды сұрады. Мүгедектерге пәтер бөлу мәселесін де көтергендер болды. Аймақ басшысы Ғауез Нұрмұхамбетов әр ұсыныс пен тілекті қағазға түртіп алып, қарастыруға уәде берді.

 

Байболат Құлтанов