СҚО әкімдігіАптадағы маңызды жаңалықтар

Петропавлда халықаралық инвестициялық-құрылыс форумы өтті

БАЙБОЛАТ БЕКТЕМІРҰЛЫ, тілші:

– Қызылжарда қалталы азаматтардың басы қосылды. Шекараның шетіндегі облыс орталығында халықаралық инвестициялық форум басталғалы отыр. Соңғы рет мұндай іс-шара шаһар төрінде 2016 жылы өткені ел есінде. Биылғы жиынның ауқымы кең. Мұнда 200-ден астам делегатты кездестіруге болады.

Қытайлық, түркиялық, италиялық және қазақстандық инвесторлар сәні мен сәулеті жарасқан қазақ театрының төменгі қабатында жұртшылықпен қауышты. Өздерінің дайындап әкелген жобалары бар. Соларды іскер жандар қызығушылықтарын арттырған аққайыңдар өлкесінде және Петропавлда жүзеге асыруға ниетті. Қаламызда заманауи аурухана салып жатқан “YDA Group” холдингі көпшілікке таныс. Қара теңіз жағасынан арнайы келген меймандар облыс орталығында тағы бірнеше ғимарат тұрғызғысы келеді.

ЯКУБ ЯНАРДАГ, “YDA Group” холдингі басшысының көмекшісі, Түркия:

– Бірінші жоба 6 блоктан соғылады. 5-еуі үй болса, 1-еуі қонақ үй болады. Ал екінші жоба 3 бизнес-сападағы үйден, 1 бизнес-орталықтан және 1 заманауи қонақ үйден тұрады. Мұндай құрылыс жұмысы Қазақстанның ешбір қаласында жүргізілмеді.

Түріктік компания өкілдері қолдау көрсетуді сұрайды. Жергілікті биліктен жәрдем болса, инвестор қомақты қаржы құюға әзір. Ал италиялық “PROSOL SPA” компаниясының жобасы жүзеге асудың аз-ақ алдында тұр. Бұл ұйым Петропавлда 2 млрд теңгеге азықтық ашытқы зауытын салмақшы. Аталған өнім ауыл шаруашылығы саласында қолданылады.

СЫРЫМ ӘБІЛҒАЗИЕВ, “PROSOL SPA” компаниясы директорының міндетін атқарушы, Италия:

– Зауыт келесі жылы іске қосылады. Өнім 50 елге сатылады. СҚО өте ыңғайлы жерде орналасқан. Сол үшін таңдап отырмыз.

Қаз-қатар тізіліп, өз жобаларын көпшілікке ұсынған инвесторлармен аймақ басшысы Ғауез Нұрмұхамбетов жеке-жеке тілдесіп шықты. Әр бастама маңызға ие. Сондықтан, бірі де қолдаусыз қалмайды.

Тараптардың бір жеңнен қол, бір жағадан бас шығаруының арқасында өңірімізде ондаған жоба жүзеге асты. Мұны облыс тұрғындары да, қонақтары да бес саусақтай біледі.

РАХИМ ОШАҚБАЕВ, халықаралық инвестициялық-құрылыс форумының модераторы:

– Мен Солтүстік Қазақстан облысында жылда боламын. Бір келгенімде инвестициялық жобалардың пұлы таныстырылды. Сол бастамалардың бірсыпыра бөлігі көп ұзамай карантинге қарамастан іске қосылды. Бұл – бірлескен ауқымды жұмыстың анық белгісі. Өңірге жоғары баға береміз. Оның үстіне Петропавлдағы университет өз мүмкіндігін арттырды. Демек, білімді, еңбекқор жастардың легі өздеріңізде дайындалып жатыр.

Танысу шарасы аяқталғаннан кейін халықаралық инвестициялық-құрылыс форумының қатысушылары жоғары көтеріліп, іс-шараның негізгі бөлігі басталды. Мұнда көпшілікке облыстың даму қарқыны баяндалатын ролик көрсетіледі. Кейін мінберге аймақ басшысы Ғауез Нұрмұхамбетов шығып, жиналған қауымды алқалы басқосудың ашылу салтанатымен құттықтады, статистиканы жіпке тізді.

ҒАУЕЗ НҰРМҰХАМБЕТОВ, Солтүстік Қазақстан облысының әкімі:

– Соңғы 3 жылдың ішінде 2 млрд 200 млн АҚШ доллары тартылды. Инвестицияның нақты өсімі 140 пайызды құрады.

Ауыл шаруашылығы, өндіріс, құрылыс және қайта өңдеу. Облыс осы және өзге де бағыттарда инвесторларды қабылдауға әзір. Естеріңізге сала кетейік, сырттан қаржы тарту – Президенттің тікелей тапсырмасы. Ал бұл міндет аққайыңдар өлкесінде орындалып жатыр. Ұлттық экономика вице-министрі Абзал Әбдікәрімовтың сөзінше, аймақ қаражат құйылған – негізгі өңірлердің бірі.

АБЗАЛ ӘБДІКӘРІМОВ, ҚР ұлттық экономика вице-министрі:

– Ынтымақтастық және ашық пікірталас – ағымдағы мәселелерді шешудің негізгі құралы. Қазақстан өңірдегі барлық салымдардың шамамен 70 пайызын жинақтай отырып, орталық Азияда шетелдік инвестицияны тарту бойынша сөзсіз көшбасшы болып табылады. Бұл ретте СҚО-ның үлесі зор.

Ұлттық экономика вице-министрі жоғары жетістікке қол жеткізу – бірлескен жұмыстың және инвесторларға жасалған тиімді жағдайлардың нәтижесі екенін тілге тиек етті.

 

Байболат Құлтанов