Денсаулық сақтау

Облыста 100-ден астам адам ағза ауыстыруға зәру

Облыста 110 адам ағза ауыстыруға мұқтаж, оның 1-еуі – мектеп оқушысы. Былтыр ел бойынша 230-дан астам орган трансплантациясы жасалған, cоның 15 пайызы қайтыс болған адамның ағзасынан алынған. Облыстық трансплантация үйлестірушісі Әділхан Қабдуовтың айтуынша өңірде ағза ауыстыруға кезекте тұрғандардың көбі бүйрекке мұқтаж. Бұндай 100-ге жуық адам бар.

ӘДІЛХАН ҚАБДУОВ, СҚО бойынша трансплантация үйлестірушісі:

– Біздің қалада 2 донорлық стационар. Әр донорлық стационарда бас-ми өлімін анықтайтын комиссия құрылған. Оның құрамына реаниматолог, невропатолог, нейрохирург және бас дәрігердің орынбасары кіреді. Орган донорлығына рұқсат алу үшін науқастың туыстарының келісімі қажет. Келісім болған жағдайда донорлық процесс басталады. Бірақ, көбінесе қайтыс болған адамның жақындары ағзаны ауыстыруға келіспей жатады.

Бас-ми өлімі тіркелген жағдайда бірінші кезекте қай науқастың ағзасын ауыстыру қажет екендігін дәрігер шешпейді. “Арнайы күту парағы” деп аталатын бағдарлама бар. Жүйе трансплантация бойынша республикалық үйлестіру орталығында жұмыс істеп тұр. Яғни, осы бағдарлама кезекті науқастың қан тобы мен тіндік сәйкестігіне қарай белгілейді. Арнайы күту парағына тіркелу үшін адам жергілікті жерде тексерістен өтуі қажет.

ӘДІЛХАН ҚАБДУОВ, СҚО бойынша трансплантация үйлестірушісі:

– Біздің елімізде адам қайтыс болғаннан кейінгі донорлық өте баяу дамып келеді. 1 адамның ағзасымен 7 адамның өмірін құтқаруға болады. Донор таппаған жандар шетелге барып, сол жақтан марқұм болған адамның ағзасын ақылы түрде алып, ота жасатып жатады. Ал бізде адам ағзасын ауыстыру операциясы тегін жасалады.

Қазақстанда адам өзінің белгілі бір ағзасын оған мұқтаж адамға беруге немесе бермеуге құқылы. Адам өз ниетін электрондық үкімет порталында жазып қалдыра алады. Транспланттау отасы елімізде бүгінде 6 қалада жасалады. Оған Петропавл кірмейді. Қазір Қазақстанда 4 мың адам ағза ауыстыруға зәру, оның 100-ден астамы – жастар.

 

Гүлден Сембаева