Денсаулық сақтау

15 ақпан – Халықаралық операциялық медбикелер күні

Бүгін – Халықаралық операциялық медбикелер күні. Адам өмірін өлімнен арашалап қалуда барларын аямайтын ақхалаттылардың кәсіби мерекесі. Мейірімділік пен жылулықтың символы іспеттес, игілікті мамандық иесі атанған жандардың ісі әрқашан сый-құрметке лайық. Бел жазбай еңбек ететін мамандар қызметтік жолдарында шыдамдылық, ептілік және білімдерімен шыңдалып, өседі. Арасында сол жолда 20 жыл бойы сүрінбей келе жатқан Ақылбай Тоқаев та бар. Ол көпбейінді қалалық жедел жәрдем ауруханасында операциялық мейіраға болып еңбек етеді.

АҚЫЛБАЙ ТОҚАЕВ, көпбейінді қалалық жедел жәрдем ауруханасының операциялық мейірағасы:

– Науқастарға ота жасаймыз. Жасаған отамыздан кейін, олардың әрі қарай жақсы болып кетуін, асқынуы болмауын қадағалаймыз. Құрал-жабдықтарды алдын ала дайындап қоямыз. Ота кезінде дәрігер айтпай-ақ, біз білу керекпіз келесі қандай құралды беру керектігін. Дәрігер істейді. Біз жәй көмекші ретінде боламыз қасында.

Қазіргі таңда ауруханада 300-ден астам ақхалатты жұмыс істейді. Оның 240-тан астамы – медбике мен мейірағалар. Ал 25-сі ота жасауға қатысады, яғни хирургқа көмектесіп тұрады. Ақылбай Тоқаев күніне 7-8 операцияға қатысуы мүмкін.

АҚЫЛБАЙ ТОҚАЕВ, көпбейінді қалалық жедел жәрдем ауруханасының операциялық мейірағасы:

– Жедел жәрдеммен әкелген сәтте болады қиыншылықтар. Ол кезде білмейсің қандай науқасты әкелгенін. Шұғыл түрде ота жасау керек болып жатады. Жұмысымның ота жасаған кезі өзіме қызықты. Дәрігерлерге көмектесіп, құрал-саймандарды дайындап беру, тезірек жасауына, бәріне ыңғайласып, көмек қолын созған ұнайды. Кішкене шыдамдылық керек, өзіңді көрсете білу керек және дәрігерлердің ыңғайына көніп, жағдайын жасап тұру қажет. Құрал-жабдықтарды уақытылы бере білген жөн.

Операциялық медбикелер мен мейірағалар отаның өзінде болып, одан кейін науқастың жағдайын қадағалайды. Бұл тұста білім мен біліктілік және мейірім қажет. “Жақсы сөз – жанға шипа” демекші науқастардың жазылып, аяғына тұрып кетуде осы ақхалаттылардың да еңбегі зор.

– Ақхалаттылар күн-түн демей, жаны қиналып келген жандарға қол ұшын созады. Үнемі біздің жағдайымызды қадағалап отырады. Біз олардың жұмысына ризамыз. Медбикелер мен мейірағалардың мерейі асқақтай берсін. Жұмыстары толықтай көңілімізден шығады.

 

Мәдина Қаби