ТКШ

СҚО-да ағымдағы аптада электр энергиясы қымбаттайды

Еліміздегі коммуналдық және энергетикалық инфрақұрылымның тозу көрсеткіші жыл артқан сайын ұлғайып барады. Бұған тұсау салу үшін Үкімет Президент пәрменімен «Тарифті инвестицияға айырбастау» бағдарламасын іске қосты. Аты айтып тұрғандай, тың бастама аясында белгілі бір монополист жаңғырту жұмысына қаржы құяды. Есесіне, мемлекет оған бағаны өсіруге рұқсат береді.

ДАМИР ТОҚТАМЫСОВ, ҚР ҰЭМ Табиғи монополияларды реттеу комитеті СҚО бойынша департаментінің басшысы:

– 2023 жылы тартылған инвестицияның көлемі 5 млрд 416 млн теңгеге жетті. Ал биыл бұл сома 7 млрд 800 млн теңгені құрамақ.

Бұған дейін айтқанымыздай, белгілі бір бағытқа инвестиция тартылса, тариф өзгереді. Осы күні өзгерісті теріскейліктер сезініп те үлгерді. Құлақ түріңіздер, алдағы жұма күні тағы бір жаңашылдық күшіне енеді.

ДАМИР ТОҚТАМЫСОВ, ҚР ҰЭМ Табиғи монополияларды реттеу комитеті СҚО бойынша департаментінің басшысы:

– Ағымдағы жылдың 1-ші қаңтарынан бастап жылу, су және кәріз жүйелеріне бекітілген тариф өзгерді. Өңірде электр энергиясы да қымбаттайды. Өзгеріс 16-шы ақпаннан орын алмақ. Бұл мәселе арнайы тыңдауда талқыланды.

Дамир Тоқтамысов жетекшілік ететін департамент қазір “Горгаз-сервис” серіктестігімен ортақ шешімге келе алмауда. Даудың басы – тағы та тариф.

ДАМИР ТОҚТАМЫСОВ, ҚР ҰЭМ Табиғи монополияларды реттеу комитеті СҚО бойынша департаментінің басшысы:

– Сұйытылған газдың бағасын өзгерту бойынша бізге “Горгаз-сервис” серіктестігі жүгінді. Мәселені қарадық. Нәтижесінде тарифті көтерудің орнына 4,2 пайызға төмендеттік. Нарық субъектісі сотқа жүгінді.

Бүгінгі күні бұл мәселе облыстық сотқа жетіпті. Фемида өкілдері департаменттің өтінішін қанағаттандырмаса, газдың да тарифі өзгеруі мүмкін.

 

Байболат Құлтанов