Экология

“Жабайы аңдарды азықтандырайық” челленжі

АҚЖҮНІС МҰҚАТАЙ, тілші:

– Петропалда колледж студенті “Жабайы аңдарды азықтандыр” челленжін бастаған болатын. Жігіттің бұл бастамасын топтастары да қолдауда. Олар шөпті қаппен буып-түйіп ағашқа алып келеді. Сосын шашады. Бұл жануарлардың жеуіне ыңғайлы.

Міне, осылай Солтүстік Қазақстан кәсіптік-педагогикалық колледжінің бір топ студенті қолдарына ұстаған қаптарынан шөпті алып, жан-жаққа шашуда. Оппалап, қардың қалыңдығына қарамастан кешіп өтіп жатыр. Оның үстіне ауа райы да аяздатып тұр. Негізі, бастаманың көшбасшысы – Станислав Гвоздев. 1-курс студенті жануарларға ерекше жанашыр екен.

СТАНИСЛАВ ГВОЗДЕВ, СҚ кәсіптік-педагогикалық колледжінің студенті:

Биыл қар қалың жауды. Сәйкесінше, жабайы аңдар азық тауып жей алмайды. Соны көзбен көріп, естіп жүргендіктен жаным ашып осы челленжді бастадым. Бұған дейін әкеммен әр демалыс сайын осылай шығатын едім. Молынан көмектесу үшін ақырын достарымды да тарттым.

Айта кетейік, аталмыш білім ордасында 2011 жылдан бері “Қамқор” еріктілер ұйымы жұмыс істейді. Құрамында 400-дей адам бар. Бүгін сондағы ерікті ұл-қыздар Станислав Гвоздевдің идеясын қолдап, барынша көмек көрсетуде.

ЖАННА БЕРЕЖНАЯ, СҚ кәсіптік-педагогикалық колледжі директорының орынбасары:

– Клуб мүшелерінің саны жыл санап артып келе жатыр. Олар табиғат жанашырлары десек болады. Жаз, күз, көктем айларында айналаны күл-қоқыстан тазартса, қыстыгүні міне осылай жануарларға көмектеседі.

Былтырғы жылы кең далада мекен ететін жабайылардың саны 19 мыңнан асқан. Биыл да теріскейде төртаяқтылар көбеймесе азаймаған көрінеді. Азық іздеп қала ішіне кіре бастаған жануарларды атуға да болмайды. Дегенмен, тиісті шаралар орындалмай қалып жатқан жоқ.

АНДРЕЙ КРАСНИКОВ, СҚО орман шаруашылығы және жануарлар дүниесі аумақтық инспекциясының бас маманы:

– Еліктердің қалаға кіруі уақытша құбылыс. Қысқа қарай олардың саны артады. Жылдың осы мезгілінде өңірге Ресейдің көрші облыстарынан да келе бастайды. Оларға жеп-шөптің жетпеуі – түсінікті жағдай. Біз олардың барлығын азықтандыра алмаймыз ғой. Ол үшін өңірде 47 аңшылық шаруашылығы бар. Ондағы мамандар қыс кезінде және көктемнің алғашқы айларында төртаяқтыларға азық дайындаулары керек.

СҚО-да соңғы рет жүргізілген есеп бойынша қазіргі уақытта 20 мың елік пен 3 мың доңыз бар.

 

Ақжүніс Мұқатай