Экология

Браконьер төртеуге қатысты сот үкімі шықты

Петропавлда 53 елікті рұқсатсыз атып алған 4 ер адамға қатысты сот үкімі шықты. Төрт таныс 22-ші жылдың күзінен 23-тің ақпанына дейін облыс орталығында заңсыз аңшылықпен айналысып келген.
Біреуі бұрын сотты болған. Аңшылық топты құрған да осы Виктор Гурьянов екен. Қомағай төртеу мемлекетке 68 млн теңгеден астам шығын келтірген. Бірақ, сотта бірде-біреуі кінәсін мойындаған жоқ. Сот 4 браконьерге қатысты үкім шығарды.

ТАХМИНА СОБИРОВА, Петропавл қалалық сотының судьясы:

– Виктор Алексеевич Гурьянов ҚР ҚК 262-бабының 1-бөлігі, 337-бабы 6-бөлігінің 1-ші тармағында көзделген қылмыстық құқық бұзушылықтарды жасағаны үшін кінәлі деп танылсын. ҚК-ның 58-бабының 3-бөлігі негізінде қылмыстық құқық бұзушылықтар жиынтығы бойынша жазаларды ішінара қосу жолымен Гурьяновқа 11 жыл бас бостандығынан айыру түрінде жаза тағайындалсын. Жаза қауіпсіздігі ең жоғары қылмыстық-атқару жүйесі мекемесінде өтеледі. Гурьяновтың жазасын өтеу мерзімі 2023 жылдың 27-ші ақпанынан бастап есептелсін.

Виктор Гурьяновтың сыбайластары – Максим Гниляков, Юрий Жуков пен Николай Сауэрді де кінәлі деп танылып, 8 жылға бас бостандықтарынан айырылды.

ТАХМИНА СОБИРОВА, Петропавл қалалық сотының судьясы:

– Сот айыпталушылар Николай Сауэр, Юрий Жуков және Максим Гниляковтың кішкентай балалары болғандықтан жазалары жеңілдетілді. Сондай-ақ, баптың санкциясында міндетті түрде мүлікті тәркілеу түріндегі жаза қарастырылған. Жазаны қауіпсіздігі орташа қылмыстық-атқару жүйесі мекемесінде өтейді.

Николай Сауэр – Ресей елінің азаматы. Өңірде бұған дейін ешқайда кетпеу туралы құжатпен жүрген. Сот үкімі жарияланғаннан кейін төртеуі сот залында қамауға алынды. Үкім әлі заңды күшіне енген жоқ.

 

Гүлден Сембаева