Мәдениет

Театрда – жаңа премьера

С.Мұқанов театарында – жаңа премьера. Су жаңа “Сараң” атты туынды алдыңғыларынан мүлдем бөлек, өзгеше. Оның себебі – қойылым түрік азаматы Kubilay Erdelikaraның режиссерлығымен сахналануында.

БІРЖАН ЖАЛҒАСБАЕВ, С.Мұқанов атындағы қазақ сазды-драма театрының директоры:

– Бұл азамат – Еуразиялық театр одағының бас хатшысы, 30 мемлекетке хатшы. Стамбул қаласындағы театрлардың бірінің жетекшісі. Ал бүгінгі қойылымның қоюшы суретшісі – Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, М.Әуезов атындағы Оңтүстік Қазақстан университетінің доценті Бақыт Сраилов.

Сонау Түркиядан ат терлетіп келген бұл шығармашыл жанның қазақстандық актерлармен алғаш жұмыс істеуі. Небәрі 15 күннің ішінде 20 шақты жас актердің басын қосып, сапалы дүниені халыққа ұсынып отыр. Қойылым француз драматургі Жан – Батист Мольердің “Сараң” пьесасына негізделген.

KUBILAY ERDELIKARA, қоюшы режиссер, Түркия:

– Біржан мырза айта кеткендей біз Грузияда таныстық. Ол кезде қазақстандық топ грузин жазушысы Нодар Думбадзенің “Кукарача” қойылымын сахналаған еді. Спектакль маған өте керемет әсер қалдырды. Одан кейін бірге жұмыс істеуге шешім қабылдадым. Ниетімді қабыл алғандары үшін алғысымды білдіремін. Негізі, осыған дейін Қазақстанға келгенмін. Түркістанда бір күн болдым.

Әне-міне дегенше театрсүйер көрермен тағатсыздана күткен спектакль де басталды. Сәнденген қыздар мен костюм киген жігіттер француздық әнге билеп, халыққа көңіл-күй сыйлап алды. Актерлердің сөйлеу мәнері мен ойынынан құдды бір ертегінің немесе шетелдік мультфильмнің ішінде жүргендей сезімде боласың.

Ал енді қойылымның неге “Сараң” деп аталуына тоқталайық. Гарпагон атты бай дүниесі асып-тасып жатса жақындары тұрмақ, өзінен ақшаны аяп тұрады. Өзінің бір ұл, бір қызы бар. Шық бермес Шығайбай қызын кедей жігітке беріп, ұлына жесір әйелді алып бергісі келеді. Ең қызығы, баласы ғашық болған кедейдің қызын өзіне жар ғып алмақ болады.

ДИМАШ СЕРІКҰЛЫ, С.Мұқанов атындағы қазақ сазды-драма театрының актері:

– Спектакльдегі рөлім – Клеанд. Сараң әкенің ұлы. Дайындық өте қызық өтті. Себебі, режиссер Түркиядан келгендіктен аудармашы арқылы сөйлесіп, аз уақыт болса да қызыққа толы жұмыс болды. Бұрын-соңды мұндай аз уақыттың ішінде жұмыс істеп көрмеппін.

Сараңның рөліндегі – шырайлы Шымкенттің тумасы Эланар Кенжебек. Теріскейде қызмет атқарып жүргеніне 4 жылдың жүзі болыпты.

ЭЛАНАР КЕНЖЕБЕК, С.Мұқанов атындағы қазақ сазды-драма театрының актері:

– 15 күннің ішінде жұмыс істеу қиын болды. Сөз жаттау. Бұл қойылым жеңілдікті талап етеді. Жүгіру, секіру көп. Сол жағынан қиындық тудырғаны болмаса, қызық процесс болды. Түрік режиссерімен жұмыс аса бір қиынға соқты деп айта алмаймын. Тілдеріміз ұқсас болғаннан кейін шығар. Оның үстіне аудармашы болды.

Қабылдауы жеңіл, әзіл-күлкіге толы қойылымның соңы жақсылықпен аяқталды. Ғашықтар қосылды. Қойнындағы байлығы қара басынан артылмайтын сараң болса дүниесін құшақтаған қалпы жалғыз қалды.

 

Ақжүніс Мұқатай