Спорт

Студенттер мен оқытушылары шаңғы тебуден жарысты

Боркиде – кезекті жарыс. Қыстың қытымыр аязына қарамастан жиналған жарысушылардың саны жетерлік. Жарыс жолына шыққалы жатқандар – Қозыбаев университетінің студенттері мен қызметкерлері. Дода басталмас бұрын қатысушылар денелерін қыздырып алды, әрқайсысына нөмірден берілді. 41-ші нөмір тағынған – университеттегі “Химия және химиялық технология” кафедрасының оқытушысы Мейрамгүл Ақанова. Нәзікжанды мұндай сайысқа бірінші рет қатыспақ.

МЕЙРАМГҮЛ АҚАНОВА, жарысқа қатысушы:

– Денсаулыққа пайдалы, осындай спорттың түрлері ұйымдастырыла берсін. Университет ұйымдастырып жатқандықтан әріптестерімізбен бірге ат салыспақпыз. Басқа спорт түрлеріне қатысамын, коньки тебемін. Ал шаңғыны бұрын-соңды көп тепкен емеспін. Волейбол, баскетбол ойнаймын, қысқы спорт түрлерінен қатысып көрмеппін.

Сайыс басталғаны сол-ақ еді біреуі тәжірибелі шаңғышыларша желдей ессе, енді біреуі сүрініп құлап жатты.
Барлығы – 200-ден астам қатысушы. Шаңғышылар 3 мың метр қашықтықты бағындырулары қажет. Виктория Морозова Қозыбаев университетінде 2-ші курста оқиды. Шаңғы тебуден біраз машығы бар.

ВИКТОРИЯ МОРОЗОВА, Қозыбаев университетінің студенті:

– Мен 10 жасымнан шаңғы тебумен айналысамын. Облыстық, республикалық жарыстарға қатыстым. Әзірге, аудан мен облыстық деңгейде жеңіске жеттім. Қысқы жарыстарға қатысу үшін аяқ мықты болу қажет. Бұдан бөлек маған коньки тепкен қатты ұнайды.

Айта кеткен жөн, мұндай жарыс жыл сайын ұйымдастырылып тұрады.

ЕРБОЛ ИСАТАЕВ, Қозыбаев университеті «Сұңқар» спорт клубының жетекшісі:

– Негізі, салауатты өмірді насихаттап осындай шара өткізіп жатырмыз. Наурыз айында жас санаты бойынша шаңғыдан жарыс ұйымдастырамыз.

Жарыс соңында жеңімпаздар бағалы сыйлықтармен марапатталды.

 

Гүлден Сембаева