Қоғам

Қардың қалыңдығы өлшенді

Облыс орталығында қармен күрес күндіз де, түнде де жүргізіліп жатыр. Мамандардың бел жазбай тер төгуіне бірден-бір себеп – ақ ұлпаның қалың түсуі.

БАЙБОЛАТ БЕКТЕМІРҰЛЫ, тілші:

– ТЖД мамандары және синоптиктер далада да көрсеткіш аса жоғары дейді. Осыған өзіміз көз жеткізу үшін алқаптарды бетке алдық. Астымызда жол талғамайтын мынандай көлік. Аға, батып қалмаймыз ба?

“Батпаймыз” деп сенімді сөйлеген жүргізуші қаладан бірнеше шақырым ұзап шықты. Енді “Қазгидромет” өкілдері өздеріне жүктелген міндетті орындайды. Орындамас бұрын аяққа қысқа шаңғыны ілу керек. Мұндай дүние қалың қарда қиындықсыз жүруге мүмкіндік береді.

Ақ ұлпаға алдымен ағаш өлшегіш сұғылады. Мамандар жазық далада бірнеше жерді тексерді. Қардың қалыңдығы 40-45 см құрады. Бұдан кейін тығыздық өлшенеді.

Мамандар бірден қорытынды шығарады. Қардың қалыңдығы да, тығыздығы да нормадан жоғары.

ДӘУРЕН ҚОСШЫҒҰЛОВ, «Қазгидромет» РМК СҚОФ бөлім басшысы:

– Өңірдің барлық ауданын тексереміз. Биыл қардың қалыңдығы көпжылдық көрсеткіштерден 1,5-2 есеге, тіпті кейбір учаскелерде 2 жарым есеге жоғары. Ал жердің қатуы 150 см жетіп отыр. Қар жамылғысындағы ылғал қорына келсек, 47 мен 147 см аралығын құрайды. Бұл былтырғы мәннен 1,5-2 есеге көп. Бүгінде аймақта біздің 31 бақылау бекетіміз бар. Ақпанның 15-ші жұлдызынан бастап әр 5 күн сайын дерек ұсынатын боламыз.

Бүгінде құтқарушылар да жатпай-тұрмай тер төгуде. Олар қаңтардың соңынан жоғары дайындық режимінде жұмыс істеп жатыр. 90-ға тарта ауыл ерекше бақылауға алынған.

ЕРНАР РҮСТЕМ, СҚО ТЖД төтенше жағдайлардың алдын алу бөлімінің бас маманы:

– Негізгі жұмыстың бірі – қар шығару. Облыс орталығында және облыс аудандарында шамамен 600 мың текше метр қар шығарылды. Су тасқына қарсы іс-шаралар әлі де жүргізіледі. Инертті материалдар, ауыр техника, жанар-жағармай мен су айдау құралдары әзірленеді.

Жауапты кезең қарсаңында көпшілік синоптиктерден хабар күтері түсінікті. Өз кезегінде мамандар наурыздың 5-ші жұлдызына қарай негізгі деректердің бірін ұсынамыз деп отыр.

 

Байболат Құлтанов