Спорт

“Құлагер” ХК жастары ойсырай жеңілді

Петропавлдағы спорт сарайының мұз айдынында жергілікті «Құлагер» және өскемендік «Торпедо» клубтарының жастары арасында кездесу өтуде. Ойын тартысты басталды. Әр команда қарсыласының осал тұсын тауып, есеп ашуға ниетті.

Алайда, таблодағы есеп бірден өзгермеді. Алғашқы периодтың ортаң белінен асқанда ғана өскемендіктер өз дегендеріне жетті. Көп ұзамай «Құлагер» қақпасына екінші шайба дарыды.

МАКСИМ ПЕРВУХИН, «Құлагер Ж» ХК бас бапкері:

– Жігіттер ойынға бар күштерін салуда. Осы қасиеттері ұнайды. Біз оларға үлкен үміт артамыз. Жалпы, біріншілікке шілде айынан дайындалдық. Алдағы уақытта міндетті түрде жақсы нәтиже көрсететін боламыз.

Азғантай ғана үзілісте бас бапкер хоккейшілерге ақыл-кеңес берді, шабуыл мен қорғаныста сауатты ойнауды талап етті. Бұл нәтиже берді. Бірінші периодтың соңына таман Алексей Фрукалов шайба авторы атанды.

МАТВЕЙ КУЗЬМИН, «Құлагер Ж» ХК шабуылшысы:

– Біздің ойынымыз қарсыласпен бірдей деуге болады. Өскемендіктер өте мықты. Біз де осал емеспіз. Өкінішке қарай, бірінші периодта жеңіліс таптық. Әлі уақыт бар. Қалған қос жиырма минуттықта жеңіске жетуге тырысатын боламыз.

Алайда, жігіттер сенімді ақтамады. Бұл матчта “Торпедо” жастары 1 де 8 есебімен қызылжарлықтарды қапы қалдырды. Жерлестеріміздің келесі ойыны 12-ші ақпан күні өтеді. «Құлагердің» жас хоккейшілері павлодардық “Мұнайшы” клубын қабылдамақ.

 

Мәдина Қаби