СҚО әкімдігіАптадағы маңызды жаңалықтарТЖ

Облыс әкімі су тасқынына қарсы техникамен танысты

Су басу қаупі жоғары кезең қарсаңында техника мен мамандар сақадай сай тұруы тиіс. Мұны бес саусақтай білетін бейінді департамент басшылығы қазір дайындықтарын пысықтап жатыр. Мына қаз-қатар тізілгеннің барлығы алдағы көктемде қолданылуы мүмкін. Арасындағы кейбірі өткен жылы сатып алыныпты.

ЕРІК САРЫБАЕВ, СҚО ТЖД бастығы:

– 2023 жылы 11 бірлік техника сатып алынды. Жергілікті және ел қазынасынан ақша бөлінді. Сонымен қатар, 3 заманауи ұшқышсыз ұшу құралы алынды. Қазіргі таңда бізге облыстық бюджеттен 430 млн теңгеден астам қаржы бөлінді. Тағы да техника мен құралдар алынады.

БАЙБОЛАТ БЕКТЕМІРҰЛЫ, тілші:

– Мына квадракоптер бірден көзге түседі. Қолда бар дерекке сүйенсек, мұның мүмкіндігі өте зор. Бірінші қасиеті, фото және видеоның сапасы өте жоғары. Екіншіден, дауыс зорайтқыш құрылғы бар. Ол арқылы су басқан аумақтағы жандарға жедел ақпаратты оңай жеткізуге болады.

500 метр биіктікте 16 шақырымға дейін ұша алатын квадракоптердің тағы бір қасиеті – адам мен жануарлардың сұлбасын көрсете алуы. Яғни, жоғалған тұрғындарды күндіз және түнгі уақытта, ағаш ішінен немесе су басқан төңіректен оңай тауып алуға болады. Департаменттің осы және өзге де мүмкіндімен облыс әкімі Ғауез Нұрмұхамбетов арнайы келіп танысты.

Жол талғамайтын көліктер, су соратын құрылғылар, адамдарды және жануарларды құтқару жасақтары мен жедел жәрдем. Мұның барлығы бір жерде топтасты. Әрқайсысымен танысу барысында аймақ басшысы жауапты жандарға жолдардағы су өтетін құбырларды уақытында ашу жөнінде тапсырма берді. Тағы бір маңызды міндет – қар шығару. Ақ ұлпа уақытында шығарылмаса, жығылғанға жұдырық болуы мүмкін.

ҒАУЕЗ НҰРМҰХАМБЕТОВ, Солтүстік Қазақстан облысының әкімі:

– Петропавлда күн сайын 11 мың текше метрден астам қар шығарылады. Бүгінгі таңда жалпы көрсеткіш 500 мың текше метрден асып кетті. Жұмысқа әлі де қарқын қосу қажет. Себебі, ақ ұлпаның көлемі үлкен. Оның үстіне алдағы уақытта тағы түспек. Синоптик мамандардың болжамына сүйенсек, өңірімізде су тасқыны наурыз айының соңында байқалуы мүмкін.

Егер тасқын қауіп төндіріп, жерлестеріміздің күші жетпесе өзге өңірлерден құтқарушылар шақырылады. Қазіргі таңда Астана қаласы, Жамбыл және Қызылорда облысындағы мамандармен келіссөздер жүргізілген.

 

Байболат Құлтанов