Аптадағы маңызды жаңалықтарҚоғам

Қасым-Жомарт Тоқаевтың төрағалығымен Үкіметтің кеңейтілген отырысы өтті

Бүгін Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың төрағалығымен Үкіметтің кеңейтілген отырысы өтті. Жиында еліміздің әлеуметтік-экономикалық дамуы қорытындыланып, алдағы кезеңге арналған негізгі міндеттер айқындалды. Жалпы, өткен жылы ел экономикасы 5,1 пайызға өскен.

ҚАСЫМ-ЖОМАРТ ТОҚАЕВ, Қазақстан Республикасының Президенті:

– Негізгі мақсат баршаңызға белгілі. Біз 2029 жылға қарай экономикамыздың көлемін 450 миллиард долларға жеткізуіміз керек. Яғни, нақты меже бар. Енді тек жұмыс істеу қажет. Бұл еліміздің жалпы ішкі өнімі жыл сайын кемінде 6 пайызға өсуі керек деген сөз. Сондай-ақ, макроэкономикалық көрсеткіштермен қатар халықтың нақты табысы да қарқынды түрде артуы керек. Бұл – өте маңызды міндет.

Алдағы міндеттерді орындау үшін Үкіметке де, әкімдіктерге де тиісті құзырет берілген. Алайда, Қасым-Жомарт Тоқаевтың сөзінше бұл мүмкіндіктер көп жағдайда дұрыс қолданылмай жатады. Соның кесірінен реформаларды жүзеге асыру бәсеңдеп кеткен. Соңғы 5 жыл ішінде бюджет тапшылығы 11 триллион теңгеден асып жығылады. Қаржыны тиімді басқару – Үкіметтің алдында тұрған басты міндет.

ҚАСЫМ-ЖОМАРТ ТОҚАЕВ, Қазақстан Республикасының Президенті:

– Әлі шешімін таппаған тағы бір мәселе – бюджетті бөлу тәртібі. Ол экономикалық белсенділікті арттыруға бағытталмаған. Қаражат күнделікті мәселелерді шешуге жұмсалады, стратегиялық мақсаттар соның көлеңкесінде қалады. Үкімет шығыстардың экономикалық пайдасының барынша жоғары болуына баса мән бере отырып, оның нақты басымдықтарын айқындауы керек.

Жиында біраз мәселе жіпке тізілді. Соның ішінде әлеуметтік салаға да айрықша назар аударылды. Мемлекет басшысы әлеуметтік көмектің кімге және қалай берілетінін түгел қайта қарау қажет екенін айтты. Яғни, бөлінген қаржыны барынша тиімді жұмсап, оны шын мәнінде көмекке мұқтаж адамға беру керек деді. Қазіргі таңда 4,5 миллионға жуық адам мемлекеттен әлеуметтік көмек алады. Бұл шамамен еліміздің әрбір бесінші тұрғыны деген сөз. Халықтың басым көпшілігі – еңбекке жарамды азаматтар.

ҚАСЫМ-ЖОМАРТ ТОҚАЕВ, Қазақстан Республикасының Президенті:

– Жалпы, азаматтарға әлеуметтік қолдау көрсету жүйесін қайта қараған жөн. Себебі, мемлекеттен көмек алу үшін табысын әдейі азайтып көрсететін адамдар бар. Әлеуметтік көмекті кімге беру қажеттігі адамның кірісіне емес, шығысына қарап анықталуы тиіс. Бұл мәселеде бір нақты шешім қабылдау қажет. Қазір Еңбекпен қамту орталықтары жаңғыртылып жатыр. Осы жұмысты уақытылы аяқтау қажет. Оларға нақты нәтижесіне қарай, яғни жұмысқа орналасқан адам санына байланысты ақы төленген жөн. Үкімет барлық амал-тәсілдерді зерделеп, халыққа әлеуметтік көмек көрсетудің жаңа кешенді үлгісін ұсынуы керек.

Сондай-ақ, “Ауылда денсаулық сақтауды жаңғырту” ұлттық жобасы бойынша 655 нысан салыну жоспарланған, алайда іс жүзінде тек 85-і ғана іске асырылған. Президент жұмыстар тиімсіз атқарылып жатқанын айттып өтті. Бұндай мәселе “Жайлы мектеп” ұлттық жобасында да бар. Былтыр 400-ге жуық мектеп салу жоспарланған. Алайда, нысанның техникалық құжаттары дер кезінде әзірленбеген, жер де уақытылы бөлінбеген. Атқарылып жатқан жұмыс көңіл көншітпейді. Мемлекет басшысы барлық мәселелерді шешуді әрі қадағалауды Үкіметке тапсырды.

 

Гүлден Сембаева