Жол мәселесі уақыт күттіретін шаруа емес. Оның күтіміне атүсті қарауға болмайды. Осы мақсатта әкімшілік полиция басқармасының мамандары облыстық маңыздағы жолдарды күтіп ұстауға жауапты мердігер ұйым өкілдерімен кезекті кездесу өткізді. Оған аудандық полиция бөлімдерінің қызметкерлері онлайн түрде қатысты. Жиында жолға қажетті материал мен қар тазалайтын ауыр техника жетіспей қалған жағдайда қарастырылған резерв туралы сөз болды. Қолайсыз ауа райында жасалатын іс-әрекеттер де ортаға салынды. Ақылдаса келе барлық бағыттағы жолдарды жабу тәжірибесін кеңінен қолдану туралы шешім қабылданды. Өңірде жиі қайталантын боран кезінде жолдарды тазалаудың орнына батып қалған көліктерді шығаруға тура келеді. Осы тұста аудандық полиция бөлімдеріне жол апаттары туындауы мүмкін қауіпті учаскелерде қар тазалау жұмыстарын тұрақты бақылауға алу туралы тапсырма берілді.
НАЗАР БАЙМАТОВ, СҚО ПД әкімшілік полиция басқармасының бөлім бастығы:
– Жыл басынан бері әкімшілік полиция басқармасының жол-техникалық инспекциясы қызметкерлері жол-коммуналдық органдардың өкілдерімен бірлесіп, 2,5 мың шақырым жолды қамтитын 240-тан астам тексеріс жүргізді. Нәтижесінде жол қозғалысы қауіпсіздігіне кері әсер ететін 350-ге жуық олқылық анықталды.
Ақжүніс Мұқатай