Экономика және қаржы

Қазақстанда ұлттық цифрлық инвестициялық платформа іске қосылады

ҚР Премьер-Министрінің бірінші орынбасары Роман Склярдың төрағалығымен өткен Инвестицияларды тарту жөніндегі кеңестің кезекті отырысында жаңа ақпараттық жүйе таныстырылды. Бұл барлық тарапқа – кәсіпкерлерге және мемлекеттік органдар, қаржы институттары өкілдеріне бірдей пайдалы болады деп күтілуде.

НАЗИРА НҰРБАЕВА, ҚР Сыртқы істер министрінің орынбасары:

– Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша сыртқы істер министрлігі ұлттық цифрлық инвестициялық платформа құру бойынша белсенді жұмыс жүргізуде. Ұлттық инвестициялық платформа – инвесторларға жан-жақты жәрдемдесуге арналған бірыңғай ақпараттық жүйе.

Инвестицияларды тарту мәселелерінде мемлекеттік қызметтерді цифрландыру – Үкіметтің басым және өзекті міндеттерінің бірі. Ұлттық инвестициялық платформа ең алдымен инвесторлар үшін әзірленіп жатқаны атап өтілді. Сондықтан ол барлық ұсынылған қолдау шараларын қамтуы қажет және пайдаланушылар үшін мүмкіндігінше ыңғайлы болуы керек. Жаңашылдық көптеген процесті жеңілдетіп қана қоймай, олардың ашықтығын қамтамасыз етеді. Бұл өз кезегінде Қазақстанның инвестициялық тартымдылығын айтарлықтай арттырады деп күтілуде. Осыған байланысты мемлекеттік органдарға платформаны іске қосуды жеделдету және жүйеге инвестициялық жобалар бойынша барлық деректі енгізу тапсырылды.

НАЗИРА НҰРБАЕВА, ҚР Сыртқы министрінің орынбасары:

– Платформаның басты міндеті – инвесторлармен мемлекеттік органдар арасында 3 негізгі бағыт бойынша өзара тиімді іс-қимылды қамтамасыз ету. Бірінші – инвестициялық жобаларды іске асырудың барлық кезеңдерін онлайн мониторингілеу. Екінші – мемлекеттік органдар мен әкімдердің инвестицияға өтінім беруін автоматтандыру. Үшінші – инвесторлар тарапынан инвестициялық жобаларды іске асыруға өтінім беруді автоматтандыру.

Алға қойылған міндеттерге қол жеткізу үшін өңірлерге инвестициялар тарту бойынша қажетті шараларды қабылдау керектігі атап өтілді. Мемлекеттік және жергілікті атқарушы органдарға аталған барлық проблемалық мәселелерді қысқа мерзімде шешу тапсырылды.

 

Гүлден Сембаева