Қоғам

Солтүстікқазақстандықтар Президент сұхбатына үн қосуда

Президент Қасым-Жомарт Тоқаев «Egemen Qazaqstan» жалпыұлттық газетіне сұхбат берді. Мақаланы оқыған жан тілдесудің ашық өткенін бірден аңғарады. Мемлекет басшысы түрлі бағыттағы сұрақтарға жауап берген, келісті пікір білдірген және толғамды ой айтқан. Еліміздің алдында қандай міндеттер тұрғанын да жіпке тізген.

ҚАСЫМ-ЖОМАРТ ТОҚАЕВ, Қазақстан Республикасының Президенті:

– Біз ұлт мүддесін ескере отырып, сындарлы әрі салиқалы сыртқы сая­сатты жалғастырамыз. 2024 жылы елімізде бірқатар ауқымды саммит, форумдар өтеді. Қазақстан бірнеше беделді халықаралық ұйымға, атап айтсақ, Шанхай ынтымақтастық ұйымына, Ұжымдық қауіпсіздік туралы шарт ұйымына, Азиядағы өзара іс-қимыл және сенім шаралары жөніндегі кеңеске, Түркі мемлекеттері ұйымына, Аралды құтқару халықаралық қорына, Азық-түлік қауіпсіздігі жөніндегі ислам ұйымына төрағалық етеді.

Солтүстік Қазақстан мемлекеттік архивінің директоры – мақаланы бір деммен оқып шыққан жан. Саралаған, ой түйген.

СӘУЛЕ МӘЛІКОВА, Солтүстік Қазақстан мемлекеттік архивінің директоры:

– Бұл басшылық ғана емес, бұл елдегі және белгілі бір аймақтағы бейбітшілік саясатты ұстауға септігін тигізеді деп ойлаймыз. Сонымен қатар, 24-ші жылы ауқымды шаралар өтетінін айтып кетті.

Иә, 24-ші жыл айтулы оқиғаларға кенде емес. Қазақстанда ел тарихында ерекше орны бар тұлғаларға құрмет көрсету мақсатында түрлі шара өтеді.

ҚАСЫМ-ЖОМАРТ ТОҚАЕВ, Қазақстан Республикасының Президенті:

– Биыл әйгілі ғалым Қаныш Сәтбаев­тың туғанына 125, даңқты батырлар Сағадат Нұрмағамбетов пен Рақым­жан Қошқарбаевтың туғанына 100 жыл то­лады. Сонымен қатар тарихшы­лар­дың пайымдауынша, Жошы ұлысы­ның іргесі қалғанғанына – 800 жыл. Мем­лекет­­тілігі­міз­дің тамыры тым терең­де жатқанын әйгі­лейтін осы айтулы датаға орай кең ауқымды зерттеу­лер қолға алынады. Биыл Қазақстан тари­хының көптом­дығын әзірлеу жұмыс­тарын да аяқ­таймыз. Бұл – өзімізден 200-ден астам, шетелден 60-қа жуық маман жұмыл­дырылып, тыңғылықты жасалып жатқан үлкен шаруа.

Қазақстан тари­хы көп зерттеуді қажет етеді. Ауқымды әрі маңызды жұмысқа Сәуле Мәлікова да сүбелі үлес қосып жүр. Қуанышымызға орай, нәтиже бар. Жерлестеріміз бірсыпыра саяси қуғын-сүргін құрбанын ақтауға еңбек сіңірді.

СӘУЛЕ МӘЛІКОВА, Солтүстік Қазақстан мемлекеттік архивінің директоры:

– Аумақтық қорытындығы келетін болсақ, ақталмаған 8 мыңнан астам адамның тізімін құрдық, 3 мыңнан астам ірі байлардың да тізімі жазылды. Алаш қайраткерлерінің де тізімі белгілі. Электрондық база дайындалды.

Мақалада “Қасіретті Қаңтар” оқиғасы жайлы да бірсыпыра дерек айтылады. Президент тәртіпсіздікке барғандармен өз күштеріміз күрескенін айтады. Өзге елдерден келген әскер тек күзетпен айналысты.

ҚАСЫМ-ЖОМАРТ ТОҚАЕВ, Қазақстан Республикасының Президенті:

– Армения жасағы «Ақсай» нан зауытын және «Алматы су» мекемесін, Беларусь жасағы Жетігендегі аэродром­ды, Тәжік­стан мен Қыр­ғыз Респуб­лика­сының әскери қызметшілері Алматы қаласының бірінші және екінші жылу электр орталықтарын, Ресей жасағы үшінші жылу электр орталығы мен телекоммуникация нысандарын күзетті. Осы маңызды нысандарға лаңкестік шабуылдар жасалуы мүмкін деген қауіп болды. Сондықтан бітімгерлік күштер соларды күзетуге жіберілді. Ең бастысы, сол арқылы өз күштерімізді лаңкестікке қарсы операцияға жұмыл­дыруға мүмкіндік туды.

Қоса кетейік, мақалада АЭС салу-салмау мәселесі, Қытай­мен қарым-қатынас сынды тұстар да қаузалады.